Accessibility links

Қырғызстанда билік түнгі 10-нан кейін дәмхана мен мейрамханалардан жарықты сөндіруді талап етті


Оштың мэрі түнгі рейд кезінде.
Оштың мэрі түнгі рейд кезінде.

13 қараша күні кешке Бішкек пен Ош қалаларының әкімдері дәмхана, мейрамхана және өзге де ойын-сауық орындарын тексеріп, олардан сағат 22:00-ден кейін электр қуатын өшіруді талап етті.

Қала әкімдері мұны қыс кезінде тоқты үнемдеу және "Тыныштық сақтау туралы" заң талаптарымен түсіндірді.

Ош қаласының әкімі Жеңісбек Тоқторбаев бұл ережені орындамаған мекемелерді бір ай бойы электр қуатынсыз қалдыруды тапсырды.

«Рейдте анықталған барлық дәмхана мен мейрамхананы ашық қалдыра алмаймыз. Ертеңгі күні «қараңыздаршы, олар бізге айтты, бірақ қайтадан жұмыс істеп жатыр» деп айтады. Біз оларды бір айға жауып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз» деді Ош әкімі.

Бішкек қалалық әкімшілігі «Тыныштық сақтау туралы» заңды алға тартып, мейрамханалар мен түнгі клубтарды сағат 22:00-де жабу туралы бұйрық шығарды.

Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің (ҰҚМК) төрағасы Қамшыбек Ташиев 13 қараша күнгі халыққа үндеуінде «Тыныштық туралы» заңның орындалмай жатқанын, дәмханалар, мейрамханалар мен ойын-сауық орындары кешкі сағат 22:00-ден таңғы 7:00-ге дейін жабылуы керектігін, ал жергілікті билік органдары әрекетсіздік танытып отырғанын айтып сынады.

Арнайы қызметтің жетекшісі президенттің аймақтардағы өкілдерін, әкімдерді талапты орындамағандардың электр қуатын өшіруге шақырды.

«Тыныштық сақтау туралы» заңда жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 7-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері сағат 22:00-ден таңертеңгі 9-ға дейін дыбыс қысымы мен шудың белгіленген деңгейінен асып кетуге жол берілмейтіні көрсетілген.

Заң авторы, Жогорку кеңеш депутаты Дастан Бекешев заңда белгілі бір мекемелерді жабу туралы бап жоқ екенін, тек дауыс беруге қатысты норма бекітілгенін айтты.

XS
SM
MD
LG