Алматы облысында Қытайда ұсталған Әлімнұр Тұрғанбайдың ұсталуына қарсылық білдірген 12 адам қамалды. Тіркелмеген "Атажұрт" партиясының мүшесі, заңгер Нәзигүл Мақсұтханның айтуынша, полиция барлығы 19 адамды ұстаған. Ең соңғы сот түнгі 1 жарымда болған.
- 19 адамның барлығы да тіркелмеген «Атажұрт» партиясының мүшелері. Соның 12-сіне әкімшілік қамау жазасы тағайындалды. Олардың ішінде 2-і – 15 тәулікке қамалды, 10 тәулікке, 7 тәулікке қамалғандар бар. Қалғанымызға әкімшілік айыппұл салды. Әкімшілік қамауға алынған 12 адамды Шелек, Кеген және Алматы облысы, Қарасай ауданындағы Қошмәмбет деген жерге бөлек-бөлек қамады, – деді ол Азаттық тілшісіне.
Бұған дейін Алматы облыстық полициясы 13 қарашада Алматы облысы Ұйғыр ауданында “шет мемлекеттің туы мен президентінің суретін өртеген” адамдардың “заңсыз топтасуының” жолын кескенін хабарлаған.
Полицияның хабарлауынша, істі қараған сот 12 адамды 434-бап бойынша (“қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, тіл тигізу”) әкімшілік жазаға тартып қамаған. Бұған қоса, алты адамға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған. Полицияның хабарлауынша, “Алауыздық қоздыру” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Осыған дейін әлеуметтік желіде бір топ адамның Қытай билігі ұстап отырған Әлімнұр Тұрғанбайды босатуды талап еткені көрінетін видео тараған.
"Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды Қытай 120-дан астам күн себепсіз қамап, тұтқында ұстап отыр. Ал Әлімнұр Тұрғанбайдың Қазақстан азамат екені, оның жұбайы мен бала-шағаларының барлығының Қазақстан азаматы екені толық дәлелденіп тұр. Соған қарамастан Қытай Қазақстан берген құжатты мойындамай, Әлімнұр Тұрғанбайды негізсіз ұстап отыр" дейді видеода тіркелмеген "Атажұрттың" жетекшісі Бекзат Мақсұтхан.
Видеода наразы топтың Қытай туы мен Қытай басшысының суретін өртегені де көрінеді.
Одан кейін оқиға орнына бірнеше полиция көлігі тоқтап, полиция қызметкерлері оларға "бұлайша топтасу заңсыз екенін" ескертеді. Ал "Атажұрт" өкілдері мұнда заңда көрсетілген құқықтарын пайдаланып, пікірлерін ашық айтып отырғанын айтады.
Бірнеше жыл бұрын Қытайдан көшіп келіп, Қазақстан Республикасының азаматтығын алған Тұрғанбай Әлімнұр шілде соңында жұмыс бабымен Қытайға барғанда ұсталған. Қытай билігі Қазақстанның сол елдегі консулдығына берген жауабында Әлімнұрда қос азаматтық бар екенін, Қытайда қос азаматтыққа тыйым салынғанын айтқан. Ал Әлімнұрдың отбасы оның Қытайда тіркеуі жойылғанын айтып, оны "жалған айыптармен" ұстап отыр деп санайды.