Молдова парламенті бірінші оқылымда "Орыс үйін" жабуды мақұлдады

Молдова парламенті.

Молдова парламенті 13 қарашада Ресеймен мәдени орталықтар туралы келісімді жарамсыз деп тану туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Еуропа билігі бұл құрылымды мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп айыптайды.

Бірнеше сағатқа созылған қызу пікірталастан кейін Ресеймен келісімді жарамсыз деп тану туралы шешімді 60 депутат (басқарушы партияның 54 депутаты мен "Демократия үйі" фракциясының 6 депутаты ) қолдады. Ал 35 депутат, арасында коммунистер де бар, қарсы дауыс берді. Енді тағы 10 күннен кейін екінші оқылымда дауыс беру болады деп жазды Азаттықтың Молдова қызметі.

Парламенттің пленарлық отырысында құжатты таныстырған мәдениет министрі Кристиан Жардан ресейлік орталық орыс мәдениеті емес, пропаганда құралы ретінде пайдаланылатынын айтты. Министрдің сөзінше, билік "Ресейдің Украинаға басқыншылығын ақтау және дезинформация элементтерін" анықтаған.

Парламенттегі социалистер фракциясының жетекшісі Игорь Додон жобаны күн тәртібінен алып тастауды ұсынып, "үкімет нақты дәлелдерді көрсетпегенін" айтты. Ол келісімді жарамсыз ету "азаматтардың басым бөлігінің мүддесіне қайшы" келетінін айтты.

  • Кишиневтегі "Орыс үйі" 2009 жылы ашылған. Егер заң жобасы екінші оқылымда мақұлданып, президент Майя Санду жарияласа, орталық 2026 жылдың шілде айында жұмысын тоқтатуы керек.
  • Ресейдің Молдовадағы елшілігі Кишинев шешімін "кері нәтиже беретін" қате шешім деп атады.