Accessibility links

Рыбакина WTA Finals турнирінде жеңіске жетті. Жеңісі үшін $5,2 млн алады


Елена Рыбакина WTA FInals кубогымен. Эр-Рияд. 8 қараша 2025 жыл.
Елена Рыбакина WTA FInals кубогымен. Эр-Рияд. 8 қараша 2025 жыл.

Қазақстан теннисшісі Елена Рыбакина Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өткен WTA Finals турнирінің жеңімпазы атанды. Ол финалда әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы (Беларусь) 6:3, 7:6 есебімен жеңді.

Финалда Соболенко фаворит саналған еді. Бірақ матч барысында Рыбакина (әлемнің 6-ракеткасы) Соболенкоға мүмкіндік бермей, эйс пен брейк саны бойынша, бірінші доп асыру, екінші доп асыру жағынан да алда болды.

Елена Рыбакина финалда. Эр-Рияд. 8 қараша 2025 жыл.
Елена Рыбакина финалда. Эр-Рияд. 8 қараша 2025 жыл.

WTA Finals – жыл бойы ең үздік нәтиже көрсеткен сегіз теннисші ғана қатысатын жылдың қорытынды жарысы. Бұл турнирге Рыбакина соңғы сәтте жолдама алған. Ол рейтингіде 9-орында, басты қарсыласының бірі ресейлік Мирра Андреева 8-орында болған.

Рыбакина қазанда Ниньбодағы (Қытай) турнирде жеңіске жетіп, Токиодағы (Жапония) жарыстың жартылай финалына шығып, керекті ұпай жинады да, Андрееваның алдын орап кетті.

Ал Сауд Арабиясында Қазақстан теннисшісі топтық кезеңде әлемнің төртінші ракеткасы Аманда Анисимованы (АҚШ), әлемнің екінші ракеткасы Ига Швентекті (Польша) және ресейлік Екатерина Александрованы жеңген. Ал жартылай финалда америкалық Джессика Пегуладан (5-ракетка) басым түсті.

Елена Рыбакина WTA FInals кубогымен. Эр-Рияд. 8 қараша 2025 жыл.
Елена Рыбакина WTA FInals кубогымен. Эр-Рияд. 8 қараша 2025 жыл.

Рыбакина бұл турнирде бес матчта да жеңіске жетіп, рейтингіне 1500 ұпай қосты. Ол енді рейтингіде 5-орынға көтеріледі. Бастысы турнирдегі бес жеңісі үшін 5,2 млн доллар ақшалай сыйақы алады.

Бұл – Рыбакинаның карьерасындағы ең ірі екінші жеңісі. Ол 2022 жылы Grand Slam жарыстары қатарына енетін «Уимблдон» жарысын ұтқан еді.

Енді теннис маусымында екі ай үзіліс. Теннисшілер 2026 жылдың қаңтарында жаңа маусымда Австралияда бастайды. Қаңтардың ортасында Мельбурндте Grand Slam жарысының бірінші турнирі Австралия ашық чемпионаты өтеді.

XS
SM
MD
LG