Accessibility links

"АҚШ, Ресей, Қытаймен қатынасты баланста ұстау". Тоқаев Мәскеуге не үшін барды?


Қазақстан президенті Тоқаев пен Ресей президенті Путин Мәскеуде жолыққан сәт. 11 қараша 2025 жыл.
Қазақстан президенті Тоқаев пен Ресей президенті Путин Мәскеуде жолыққан сәт. 11 қараша 2025 жыл.

Орталық Азия елдерінің лидерлері Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп, миллиардтаған доллларға келісім жасаған соң Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге барды. Бұл сапардың мәні неде?

Қазақстан басшысы Ресейге 11 қарашада барып, Путинмен жеке талқы өткізді. Ал 12 қарашада ресми келіссөздер жүргізіп, бірлескен газ жобалары мен АҚШ санкцияларының Ресейдің ірі мұнай компанияларына әсерін талқыламақ. Тоқаев Қазақстан-Ресей экономикалық форумында да сөз сөйлейді.

Азаттық сөйлескен сарапшылар Мәскеудегі кездесу кездейсоқтық емес деп санайды. Олар Қазақстанның Ресей, Қытай және АҚШ-пен дипломатиялық қарым-қатынасты баланста ұстауға жасалған кезекті қадамы деп есептейді.

"[АҚШ – Орталық Азия] саммитінен кейін Мәскеуге сапарды Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық байланысын растау және Ресейдің саяси элитасының кез келген қаупін сейілту амалы деп қарауға болады" дейді Қытайдың Азия-Тынық мұхиты, Африка, Латын Америкасы, Таяу Шығыс пен Орталық Азиямен қарым-қатынасын жан-жақты зерттейтін тәуелсіз жоба. жобасының ғылыми қызметкері Юнис Шарифли.

Өткен аптада Тоқаев Орталық Азиядағы басқа президенттермен бірге Вашингтонда АҚШ президенті Трамппен кездесіп, тараптар "Америка мен Орталық Азия арасындағы байланыстың жаңа дәуірі басталғанын" мәлімдеген.

Ресейдің Украинада соғысынан кейін Мәскеуге санкциялар салынып, Орталық Азия елдері басқа да экономикалық мүмкіндіктер іздей бастаған. Сарапшылар Орталық Азияға ықпалы басым Кремль де бұл әрекеттерге бейімделіп келеді деп санайды.

"[Ресей] аймақтағы рөлін қайта қарап, қайта анықтауға тырысып жатыр. Дегенмен Мәскеу әскери және аймақ елдерінің басшыларымен байланысын пайдалана отырып, аймақта қауіпсіздік қамтамасыз етуші ретінде маңызды рөлге ие болып қала береді" дейді Шарифи.

ПУТИН МЕН ТОҚАЕВ НЕ ТАЛҚЫЛАЙДЫ?

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге "Путин Тоқаевпен Вашингтондағы кездесуді, Астана мен Мәскеудің энергетикалық байланысын талқылауға ашық екенін" айтқан.

"Егер Қазақстан президенті біздің президентімізге Вашингтондағы сапары жайлы айту қажет деп тапса, әрине, бұл Ресей тарапына өте қызық болады" деді Песков.

Қазанда АҚШ санкциясына ілінген Ресейдің екі ірі мұнай компаниясы – "Роснефть" пен "Лукойл" Қазақстанда да жұмыс істейді. Мәселен, Қазақстанның Теңіз және Қарашығанақ ірі кен орындарында "Лукойлдың" үлесі бар.

Тоқаев Мәскеуге сапары алдында Ресей мен Қазақстанның жылы қарым-қатынасын баса айтып, Мәсекудің әлемдік аренадағы орнын атап өтті. Ол Ресейдегі мемлекеттік "Российская газета" басылымына мақала жариялап, Астана мен Мәскеудің "мәңгі достығын" жоғары бағалады. Тоқаев мақаласында Қытай лидері Си Цзиньпинмен, АҚШ президенті Трамппен, Еуропа, Азия, Африка лидерлерімен кездесуіне де тоқталған.

"Көбі геосаяи жағынан бір-біріне қарама-қарсы пікірде болса да, халықаралық қарым-қатынаста Ресей мен оның лидерінің маңызды рөл ойнайтынын мойындайды. Басқаша айтқанда, қазіргі әлемдегі мәселелерді Мәскеусіз еңсеру мүмкін емес" деп жазды Тоқаев.

Nightingale Intelligence саяси орталығының ғылыми қызметкері Влад Паддак Вашингтондағы саммит пен Мәскеуге сапар – "Қазақстанның ірі державалармен байланысын теңестіре отырып, өзінің аймақтағы көшбасшылығын нығайтып жатқан орта держава екенін көрсетеді" дейді.

Тоқаев Мәскеуде санкциялар мен энергетикалық байланысты ғана емес, инфрақұрылымды да талқылаған.

Ал Орталық Азия лидерлері бұған дейін Еуропа одағымен өткізген саммитте Орта дәлізді дамыту жағын сөз еткен еді. "Орта дәліз" – Қытай мен Еуропаны Орталық Азия-Кавказ арқылы жалғайтын 6500 километрлік жол.

Бұл тұста Ресей Қазақстан мен Орталық Азия арқылы өтіп, Оңтүстік Азияға шығатын сауда жолын ашуға тырысып жатыр.

Паддак "бұл Қазақстанның Еуразиядағы негізгі логистикалық хабқа айналуға, аймақтағы сауда-саттықта негізгі орталық болуға талпынысын көрсетеді" дейді.

XS
SM
MD
LG