Accessibility links

Депутат балаларға TikTok пен Instagram-ды қолдануға тыйым салуды ұсынды


Депутат Асхат Аймағамбетов парламентте әлеуметтік желілерге тіркелуде жас жағынан шектеу мәселесін қозғады. Оның сөзінше, қазір TikTok пен Instagram-ға ата-анасының рұқсатынсыз, верификациясыз тіпті 5-6 жастағы балалар тіркеліп жатыр. Ол Қазақстанда балаларға осы желілерге тіркелуге тыйым салуды ұсынды.

«Мұндай шектеулер басқа елдерде де бар. Мысалы, Дания мен Австралияда 15-16 жастан бастап тіркелуге рұқсат етіледі, ал АҚШ, Англия және Ирландияда ата-ананың арнайы рұқсаты мен тексеруі қажет», - деді депутат.

Аймағамбетов кейінірек өзінің пікірін Telegram арнасында толықтырып, әлеуметтік желілерге кіру бойынша жас шектеуі 10-12 немесе 14 жас болуы мүмкін екенін атап өтті.

«Кіші ұлыммен серуендеп жүргенде, ауладағы барлық-дерлік балалардың смартфон ұстап тұрғанын, ал TikTok, YouTube және Instagram-да көретін контенті сүзгіден өтпегенін және ата-аналарының бақылауынан тыс қалғанын көрдім. 4, 5 және 6 жастағы балаларға сіріңке қорабынан да қауіпті құрылғылар беріліп жатыр» деп жазды ол.

Депутаттың айтуынша, әлеуметтік желілердің алгоритмі адамдарды "телефонға әбден тәуелді етуге" құрылған. "Бұл іс жүзінде қалтадағы "ойын автоматтары" сияқты" дейді ол.

Оның ойынша, бұл балалардың зейін қою қабілетіне нұқсан келтіріп, ұйқысын бұзуы мүмкін, балалардың үрейлену сезімін, агрессиясын арттыруы мүмкін.

Ал оған жауап берген жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун Қазақстан билігі әзірге, балаларға әлеуметтік желілерде «қатаң шектеу» қоюды жоспарлап отырмағанын, бірақ бұл бағытта жұмыс «жүріп жатқанын» айтты.

«Қазіргі кезде керісінше, түрлі қолжетімділікпен қамтамасыз ету жағына қарай жылжу бар, бірақ шектеулі форматта – белгілі бір контентті шектеп, қазіргі әлемдегі үрдістерге сай дамуды тоқтатпас үшін. Сондықтан жұмыстар осы бағытта жүріп жатыр» деді ол.

Аймағамбетов 2019 жылдан 2022 жылға дейін Қазақстанның білім және ғылым министрі, ал 2022-2023 жылдары алты ай бойы оқу-ағарту министрі қызметін атқарған.

Көрші Қырғызстанда да билік 2023 жылы TikTok-ты балалардың психикасы мен денсаулығына кері әсер етті деп мәлімдеп, тыйым салған еді. Дегенмен іс жүзінде елде әлеуметтік желі әлі де істеп тұр.

XS
SM
MD
LG