Өзбекстан президент әкімшілігінің жетекшісі Саида Мирзияева жаңадан құрылған АҚШ-Өзбекстан бизнес және инвестиция кеңесінің тең төрайымы болды. Мұндай кеңесті Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев жуырдағы АҚШ-қа сапарынан кейін 12 қарашада мақұлдады.
Кеңес бірлескен инвестициялық және сауда жобаларын дамытумен, сонымен бірге Ташкент пен Вашингтон арасында инвестицияны өзара қорғау бойынша келісімдерді әзірлеумен айналысады. АҚШ жағынан кеңеске Ақ үй өкілі тең төрағалық етеді.
Кеңес басымдық беретін бағыттар арасында Халықаралық қаржылық даму корпорациясы (DFC) мен халықаралық қаржы институттарының қатысуымен арнайы инвестициялық қор құру, IT паркін дамыту, ірі инфрақұрылымдық жобаларды қолдау және Өзбекстанның инвестициялық портфолиосын әртараптандыру бар.
2026 жылдан бастап Өзбекстанның Вашингтондағы елшілігінде президент әкімшілігінің өкілі лауазымы пайда болады, ал сыртқы істер министрлігі Филадельфия, Чикаго, Орландо және Сиэтл сияқты өзбек диаспорасы көп шоғырланған қалаларда жаңа консулдық ашуды жоспарлап отыр.