Accessibility links

"Қазақстан қаруын Украинаға сату схемасы". Румынияда министрге пара бермек болған экс-сенатор ұсталды


Украина артиллериясы Донецк облысындағы майданда снаряд жаудырып жатыр. 2025 жылғы мамыр.
Украина артиллериясы Донецк облысындағы майданда снаряд жаудырып жатыр. 2025 жылғы мамыр.

Румынияда Украинаға қару жеткіземін деп шенеуніктерге пара ұсынған экс-сенатор қамауға алынды. Дауда Қазақстанның да аты аталады. Азаттық іске қатысы бар адамдармен сөйлесті.

Румыния құзырлы органдары елдің қорғаныс министріне 1 млн еуро (1,16 млн доллар) пара ұсынды деген бұрынғы сенаторды қамауға алды. Экс-сенатор министрден заңсыз қару-жарақ саудасын жүргізуге қолдау білдіруді сұраған. Схеманы жүзеге асыруға Еуроодақ бағдарламасынан қаржы алу көзделген.

Ұсынылған схема өте күрделі: Қазақстаннан ресейлік снарядтарды сатып алып, оны Румынияға импорттап, ол жерден сыртқы бояу-жазуын Румыниялық снаряд деп өзгертіп, оларды Болгариядағы делдал арқылы Украинаға сату қарастырылған.

Биыл наурызда Еуроодақ "Еуропаны қайта қаруландыру" дейтін бағдарламасын іске қосқан. Схема авторлары осы бағдарлама қаражаты есебінен заңсыз бизнесті жолға қоймақ болған. Ресейлік снарядтар Украинада кеңінен қолданылады, бірақ Еуроодақ елдері ондай снаряд өндірмейді.

Азаттық радиосының Румын қызметі даулы істегі екі маңызды адаммен сөйлесіп көрді.

Оның біріне бұрынғы сенатор Мариус Овидиу Исайла, екіншісіне болгар кәсіпкері Роман Иванов Ангелов хабарласқан.

Қазанның басында Ангелов делегация бастап, қару-жарақ саудасында Румыния қорғаныс министрлігі атынан өкілдік ететін "Ромтехника" компаниясының басшысына шыққан. Ангелов одан Қазақстандағы таныстарын іске жұмылдыруды сұраған.

"КҮДІКТІ ҰСЫНЫС"

– Олар маған ұсыныс айтты, – деді "Ромтехника" басшысы Разван Минку Азаттыққа. – Біз Қазақстаннан оқ-дәрі алып, оны соларға сатады екенбіз.

Минку бұл ұсынысқа күмәнмен қарап, одан бас тартқан.

Румыния прокурорларының есебіне қарағанда, Исайла бір делдалға жүгініп, сол арқылы қорғаныс министрі Ионуц Мостеануға осы іске көмек сұрап бара бермек болады.

Прокурорлардың айтуынша, делдал – саясаткер Октавиан Берчану. Ол құзырлы органдар қызмет етіп, Исайламен әңгімелескенін жасырын түрде жазып алады. Азаттық Берчанумен де сөйлесіп көрді.

– Бұл Ресейлік немесе ресейлік үлгідегі оқ-дәрілерді Румынияға әкеліп, одан кейін Болгарияға, одан әрі Украинаға экспорттағысы келетін топ туралы. Барлығын Еуроодақ қаражатына (сатып алмақ) болған, – деді ол. – Олар маған 10 млн еуро (11,57 млн доллар). Олардың әдісі осындай: саясаткерлерді қатарына тарту үшін қомақты сома ұсынады.

Берчану жазып алған аудио файлдарды 10 қараша күні румыниялық Gandul сайты жариялады. Онда Исайла бір топ адаммен жұмыс істеп жатқанын айтып, қыруар қаражат пен саяси ықпал туралы меңзейді.

Әңгіменің бір бөлігінде ол: "Есікті ашатын мен! Сол есікті саған ашып тұрмын: НАТО, АҚШ елшілігі, Германия" дейді.

Тағы бір жерінде ол Берчануға: "Қанша керегін айтшы, кешке ... 24 сағаттың ішінде сол ақша түгел қолыңда болады" деп айтады.

Аудио файлдарда Исайланың схеманы қалай түсіндіргені де жазылған:

"Біз [снарядтарды] Қазақстаннан сатып аламыз, оларды өзіміз бөлшектейміз, мұнда бөлшектенген күйінде әкелеміз... қайта құрастырамыз, бояймыз, реттейміз, ал Румыния мемлекеті оларды сатады".

"БІР-АҚ ТҮНДЕ МИЛЛИАРДЕРГЕ АЙНАЛАСЫҢ"

Исайла таспаға жазылған әңгімеде бұл схема қазірдің өзінде Албанияда іске асып жатқанын, оған қатысы бар адамдар "бір-ақ түнде миллиардерге" айналғанын айтады. Албания қорғаныс министрлігі мен жемқорлықпен күрес мекемесі Азаттық сауалына әлі жауап бермеді.

Қорғаныс министрі Мостеану әлеуметтік желіде: "Бір адам "Ромтехникамен" келісімшарт жасауға көмектесуімді сұрап менің ықпалымды 1 млн еуроға сатып алмақ болды. Мен ол адаммен кездесуден үзілді-кесілді бас тарттым" деп жазды.

Исайла 30 күнге қамауға алынды, ал болгар бизнесмені Роман Ангеловтің қайда жүргені белгісіз. Ангелов – былтыр халықаралық қару-жарақ саудасына лицензия алған Sofia Arm Tech компаниясының жалғыз акционері. Компанияның Болгария коммерциялық тізіліміне ұсынған құжаттары бойынша, 2020 жылы тіркелген Sofia Arm Tech лицензия алғанға дейін ешқандай қызметпен айналыспаған. Құжаттарда мекеменің 8 қызметкері бары айтылған.

Азаттықтың Болгар қызметі жолдаған сауалға Ангелов те, компаниясы да әлі жауап бере қойған жоқ.

Мақаланы Симона Карлуджа, Азаттық радиосының Румын және Болгар қызметтері әзірледі.

XS
SM
MD
LG