Украинада әскерилерді марапаттау кезінде 19 адам қаза тапқан соң батальон командирі қамалды

Ресей Украинаның азаматтық нысандарын, майдан шебін ракета, дрондармен жиі шабуылдайды.

Украинадағы сот кемі 19 адам қаза тапқан әскери марапаттау рәсімін ұйымдастырған батальон командирін қамауға алу туралы шешім шығарды.

1 қарашада Украинаның Днепропетровск облысында әскерилерді марапаттау рәсімі болып жатқанда Ресей дрондармен және екі баллистикалық ракетамен шабуылдаған. Шабуылдан 12 солдат пен 7 бейбіт тұрғын қаза болып, 36 солдат жараланған.

Украина бас прокуратурасы "дрон әскерінің командирі Днепропетровск облысында марапаттау рәсімін ұйымдастырып, солдаттарға шараға қатысуды бұйырған. Рәсімге солдаттардың туыстары да келген" дейді.

Командирдің үстінен "жұмысына салғырт қарау" айыбымен іс қозғалған.

2023 жылы қарашада да Украина әскерилерін марапаттау рәсімі кезінде шабуыл жасалып, тағы да 19 солдат қаза тапқан еді. Осыдан кейін Киев командирлерге түрлі жиын өткізуге тыйым салуға тырысқан.

Украинада майдан маңында марапаттау рәсімін өткізу жиі сыналады.

Ал Украинаның "Айдар" батальонының бұрынғы жауынгері Евгений Дикий Азаттықтың Украина қызметіне "технология дамыған заманда жасыру қиын, қазір соғыстағы қарсыластар бір-бірі жайлы барлық ақпаратты біледі" дейді.