"Жаппай депортациялаудан үрейленіп қалдық". АҚШ-та жүк көлігін айдайтын қазақтың әңгімесі

АҚШ-та тұрып жатқан Қазақстан азаматы Ербол Молдажанов (жеке архивіндегі фото)

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі заңсыз мигранттарды жаппай депортациялауды жыл басынан бері жалғастырып келеді. Бірақ таяқтың бір ұшы елде заңды жүрген, қорғаудағы тұлға мәртебесі бар шетел азаматтарына да тиіп отыр. Көші-қон қызметі қыркүйектен бастап жүк көлігін жүргізетін шетел азаматтарын ұстай бастады. Азаттық сол салада жұмыс істейтін қазақстандық Ербол Молдажановпен АҚШ-тағы миграция саясаты жайлы сөйлесті.

АҚШ-тың миграция саясаты жыл басында Ақ үйдегі билікке Дональд Трамп келгелі күрт өзгерді. Ол бірінші күннен-ақ оңтүстіктегі шекараға Ұлттық гвардия әскерін жіберіп, істі болған немесе көші-қон заңын бұзған мигранттарды жаппай депортациялауды бұйырған.

Трамп әкімшілігі қыркүйектің аяғында биыл 2 миллион шетел азаматы елден шығарылғанын мәлімдеді . Оның 400 мыңын шекара қызметі күшпен депортацияласа, қалғаны "өз еркімен шығып кеткендер" дейді билік. Америкалықтардың бір бөлігі мигранттардың құқығы тапталып жатыр деп, оларды көшеден күшпен алып кетуге қарсы наразылық та танытты. Биыл маусым және қазан айларында Трамп әкімшілігіне қарсы жалпыұлттық қарсылық шаралары өтті. Президент Трамп 24 қазан күні ішкі қауіпсіздік бойынша құрылған арнайы комитеттің кездесуі кезінде көші-қон офицерлері "шынымен өте жаман адамдарды ұстап жатыр" деді.

Трамп әкімшілігі ай сайын 10 мыңнан 18 мыңға дейін шетел азаматын депортациялап жатқанын мәлімдеді . Кейінгі екі аптада мигранттар рейді Чикаго мен Нью-Йорк қалаларында күшейген. Чикагодағы конституциялық заң маманы Пол Гаудер CBS телеарнасына Трамп әкімшілігі миграция туралы ережелерді жылдам өзгертіп жатқанын айтты.

"Трамп әкімшілігі жұмысқа рұқсат беру ережесін өзгерту жайлы бастамалар көтеріп отыр. Олар жұмысқа рұқсат алғандардың, арнайы және уақытша қорғалған азаматтардың статусын қайтарып алуға тырысып жатыр. Өзгерістердің көпшілігінің заңдылығына қатысты әлі де қарсы аргументтер бар. Сондықтан көптеген адам құқықтық тұрғыдан анық емес, "аралық" жағдайда қалып қоюы мүмкін", – деді Солтүстік-батыс университетінің заң профессоры Пол Гаудер.

Your browser doesn’t support HTML5

АҚШ-қа барып, көлік айдайтындар қандай қиындыққа тап болды? Бостон қазағының әңгімесі

ЖҮК КӨЛІГІН ЖҮРГІЗУШІЛЕРГЕ ӘСЕРІ

Трамп әкімшілігінің миграция саясаты елге заңды жолмен келіп, жүк көлігін жүргізіп жүрген иммигранттарға да әсер етіп отыр. Мысалы, қыркүйектің аяғында елдің Көлік министрлігі жүк көлігін жүргізетін шетел азаматтарының куәлігін жаңартпау туралы шешім шығарды. АҚШ-та осы салада еңбек етіп жүрген және кейінгі 4 жыл сол елде тұрып жатқан Ербол Молдажановпен сұхбаттасып, қазіргі ахуалды және жүк көлігін жүргізуге қатысты шектеу кімдерге әсер ететінін сұрадық.

Азаттық: Ербол, кейінгі күндері әлеуметтік желілерде АҚШ көші-қон қызметінің рейдтері туралы видео көбейді. Өзіңіз тұратын Бостон аймағында мигранттардың қолын қайырып, алып кетіп жатқанын көрдіңіз бе, әлде бұл көбіне желілердегі сенсацияға ұқсай ма?

Ербол Молдажанов: Жаңалықтар қараған кезде Медфорд, Еверет тәрізді бізге көрші қалалардың атын айтқан кезде және өзім күнделікті көлікпен өтіп жүрген қалалар екенін көргенде, "мына жерде болыпты ғой" деп шынымен ойға қаласың. Немесе әуежайларда полиция көбейгенін көреміз. Былай жаңалықтарға қарасаң, көбейтіп, қорқытып көрсететін сияқты. Бірақ оны шын өмірмен еш байланысы жоқ ақпараттық шабуыл деп те айта алмайсың. Оның өмірмен байланысын көріп жатырмыз. Қалай десеңіз, өзім түрлі штаттарды аралап жүк көлігін айдаймын. Көбінеcе Нью-Йорк пен Лос-Анджелестің ортасында жүремін.

АҚШ-тағы жүк көліктері (көрнекі сурет)

Техасқа келген кезде жүк көлігін айдайтын бір досыммен сөйлестім. Ол "Ербол, Хьюстонға келме, Хьюстондағы жүк көлігі тоқтайтын аялдамаларда тексеру жүріп жатыр" деді. Әдетте аялдамаларда кемінде 20-30-дан 150-ге дейін жүк көлігі тоқтап, жүргізушілер жанармай құйып, ас-ауқат ішіп, душқа түсіп, тынығады.

Шекара қызметкерлері оның кіретін және шығатын жерін жауып, кезектен [жүргізушілердің] құжаттарын тексере бастаған. Ол ақпаратты досым көзімен көріп айтып отыр. Оның [АҚШ-та тұрақты тұруға рұқсат беретін] грин-картасы бар, құжаты бәрі дұрыс. Бірақ сонда да "көліктен түскен жоқпын, оларды көрдім де тыныш отырдым" деді ол.

ӨЗГЕРГЕН МИГРАЦИЯ САЯСАТЫ

Ербол АҚШ-қа 4 жыл бұрын барған. Ол әуелде ұзақ уақытқа қалуды ойламағанын, бірақ кейін отбасын да алдырып, АҚШ-та еңбек етіп, тұрмысын реттегісі келгенін айтады. Екі жылдан кейін ата-анасы АҚШ-тың тұрақты резиденті болуға мүмкіндік беретін грин-карта ұтып алып, олар да көшіп барған. Ербол АҚШ-та "өзіңді экономикаға пайдасы тиетін маман ретінде грин-картаға өтініш бере аласың. Сол арқылы жүк көлігін жүргізетін куәлік алып, бизнес, жұмыс жасай аласың" дейді.

Ербол Молдажанов (оң жақтан екінші) отбасы мүшелерімен бірге тұр (отбасы архивіндегі фото)

Ербол Молдажанов: АҚШ-та қалуға себеп болған нәрсе – тұрмысты түзеу. Мен бұрын журналистика саласында істедім. Сол кезде алған жалақым Қазақстан нарығындағымен салыстырғанда жаман емес еді. Бірақ бәрібір де тұрғын үй және көлік сатып алып, тұрмысты түзеу қиын болды. АҚШ-ты мен мүмкіндік деп көрдім. Қазір үш-төрт жыл жақсы жұмыс істесем, баспана және көлік мәселесін шешіп, жас отбасыға қажет базалық дүниелерге қол жеткізуге болатын мүмкіндік ретінде қарап, жұмыс істеп кеттім. Және өз мысалыма сүйеніп, оған жету мүмкін деп айта аламын.

Азаттық: Трамптың бірінші президенттік кезеңін көрдіңіз, содан кейін Джо Байден президент болған кезде де АҚШ-та өмір сүрдіңіз. Ол кезде елдің миграция саясаты қалай болды?

Ербол Молдажанов: Трамптың бірінші президенттігі кезінде қатты қысым болды деп айта алмаймын. Мен сол кезде 10 жылға виза алдым, емін-еркін келіп жүрдік. Ал Байден кезінде шекараны қараусыз қалдырып қойғандай сезім азаматтарда да, мигранттарда да болды. АҚШ-қа келіп жатқан әрбір екінші не үшінші адам сол Мексикамен шекараны кесіп өткенін байқап отырдық. Олардың ішінде қазақтар да бар. Сол кездегі жаңалықтарды қарап отырсаңыз, көп адам теңізге батып кетті, орманда жоғалды деген ақпараттар тарады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Колумбиядағы қайық апатынан аман қалған қазақтардың хикаясы

Сол кезде қазақстандықтарға ол бағыттың қауіпті екенін түсіндіріп, жолға шықпауға үндеп видео жарияладым. Ал [мигранттардың күрт көбейгенін] біз қалай сездік?! Мысалы, ата-анам келген кезде оларды дәрігерге қаратуға ауруханаға апарамын. Сол кезде орыс тілінде сөйлейтіндер көбейіп кеткенін бірден байқадық. Одан кейін жұмыс қиындай бастады.

Мәселен, әкем тамақ тасумен айналысты. Күніне 10-12 сағат еркін жұмыс істеп жүрсе, бір күні ол 8 сағатқа қысқарды. Тағы бір күні 7 сағат, енді бір күні 4 сағатқа дейін қысқарып қалды. [Тамақ жеткізу қызметін ұсынатын қосымшаларда] жаңа аккаунттар берілмейтін бола бастады. Өйткені адам ағылып келді. Кейін Бостонға көшуіміздің бір себебі де сол болды. Өйткені, әкем қай уақытта жұмыс істейтінін білмейді. Сол сияқты ол бүкіл салаға әсер етті деуге болады.

Азаттық: Ал Трамп билікке келгеннен кейін не өзгерді?

Ербол Молдажанов: Байден кезеңімен салыстырсақ, қазір адамдарда аздаған үрей бар. Ойланып жүретін болған, ойланып әрекет етеді. Бұрын мысалы, көліктің сақтандыру полисінің мерзімі өтіп кетсе, оған мән бермей жүре беретін. Құжаттарды да реттемей, көз жұма қарап, "айыппұлмен шектеліп жүре беремін" дейтін еркіндік байқалатын. Қазір мигранттар барлық нәрсені дұрыс істеуге тырысады. Ешкіммен жолықпауға тырысады, әсіресе, полициямен. "Мына кейсім қалай болады, маған грин-карта бере ме, жоқ па, қай уақытта маған елге қайт деп шығады екен. Қазір жүк көлігін жүргізуді тоқтатып тастаса, келесі жұмыс Uber, яғни көлікпен адам таситынын біледі. Оған ешқандай өзгеріс болмай ма?" деген сияқты адамдардың ойында үрей бары көрінеді.

АҚШ-тың шекара қызметі бастапқыда істі болған мигранттарды ұстайтынын айтып, кейін уақытша үкімет қорғауындағы немесе саяси пана сұраған, тіпті ресми жұмысқа рұқсаты бар шетел азаматтарының статусын жойып, ұстап әкете бастады. Ақ үйдегі әкімшілік шекара қызметкерлеріне күніне кемінде 3 мың мигрант ұстауың керек деген талап қойған. Құзырлы орган өкілдері анық тексермей, кейде АҚШ азаматын да ұстап әкеткен жағдайлар болды .

АҚШ-тың иммиграция және кеден қызметі (ICE) өкілдері мигрантты ұстап жатыр. Чикаго, АҚШ, 9 қыркүйек, 2025 жыл.

Азаттық: Бұрын жүк көлігін жүргізгеніңіз туралы айтып қалдыңыз. Қай бағытта жұмыс істедіңіз және не себепті әзірге оны тоқтатуға тура келді?

Ербол Молдажанов: Бірден үлкен жүк көлігіне құжат алу мүмкін болған жоқ. Өйткені бірінші грин-карта алуға өтініш тапсыруың керек. Содан 6 айдан кейін саған жұмысқа рұқсат қағазын береді. Work Permit деп аталатын сол қағазды алғаннан кейін ғана жүк көлігін жүргізуші куәлігіне өтініш тапсыра аласың.

Соны күтіп жүргенде мувингке қызыға бастадым. "Мувинг" деп штат я қала ішінде, кейде штат арасында үй заттарын тасымалдайтын қызмет түрін айтады. Бір қаладан екінші қалаға көшкіңіз келсе, сізге бір компанияның қызметкерлері келіп, заттарыңызды буып-түйіп, орап-байлап, бір көлікке тиеп алып жеткізіп береді. Сондаймен айналысып жүрдім. Кейін CDL (жүк көлігін жүргізу куәлігі) алатын уақыт болған кезде де асықпадым. Өйткені мен 8 метрлік шағын жүк көлігімен 24 метрлік жүк көлігін айдайтындардан да көп табыс таптым. Кейінірек CDL алып қойған соң да бір жылдай ол салаға жұмысқа шықпадым.

Мувингте істеп, сосын кішірек жүк көлігінен үлкеніне ауысып, Амазон компаниясында жұмыс істеп, үлкен жүк көлігін айдадым. Осындай еңбек тәжірибем үлкен компанияға жұмысқа орналасуға мүмкіндік берді. Ал ол маған нарықтағыдан жоғары жалақы төлеп отырды. Қазір неге оны тоқтатуға тура келді дегенге келсек, мен әлі грин-карта алған жоқпын. Оны алуға өтініш бердім, ол қаралып жатыр. Бірақ заңды жұмыс істеуге құқығым бар. Құжатым бар. Оның мерзімі бітуіне әлі бес жыл бар. Менде бәрі заңды, бірақ заңгерім хабарласып, "құжаттарың дұрыс болса да, қазір науқаншылдық болып жатыр, көп дүние түсініксіз, сондықтан әзірге ол жұмысты тоқтата тұрғаның жөн" деді. Кемінде жаңа жылға дейін, содан кейін тағы көреміз, деді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "АҚШ-та мүмкіндік көп". Green Card ұтқан қазақстандықтар көбейді

Азаттық: American Trucking Associations дерегінше, АҚШ-тағы әрбір алтыншы жүк көлігін жүргізуші – шетел азаматы екен. Көлік министрінің мәлімдемесі осы жүк көлігін жүргізетін шетел азаматтарына қалай әсер етеді?

Ербол Молдажанов: Бір деректерде АҚШ-та ел азаматы емес және резиденті емес, яғни грин-картасы жоқ 194 мың жүк көлігін жүргізуші бар деп көрсетілген екен. Соларға тікелей әсер етеді. Біріншіден, олардың бәрі қайта тексерістен өтеді. Жолда тоқтатып немесе база арқылы тексеруі мүмкін. Олар тексеру кезінде қандай да бір заң бұзу дерегін анықтаса, куәлігіңнің күшін жояды. Сосын қолыңыздағы куәлігіңіздің мерзімі бітсе, сіз грин-карта алмайынша, оны жаңарта алмайсыз. Менде жұмыс істеуге рұқсат беретін қағаз бар, маған мұны жаңарт деп айта алмайсың. Егер еш заң бұзбадың ба, онда бәлкім жүргізе аласың. Иммиграциялық жүйеде SAFE деген жүйе бар екен. Содан өтсең, бәрі жақсы болса, бәлкім жүргізе аласың. Бәлкім дегенім, жаңа айтқанымдай, мына заңды қалай терең зерттесең де, түсінбейтін тұстары болады.

Азаттық: Көлік министрлігі штаттардағы куәлік беру тәртібі көп бұзылғанын мәлімдеді. Сіздің пікіріңізше, шынымен тәжірибесі төмен жүргізушілерге куәлік алу оңай болып кетті ме, әлде АҚШ үкіметінің көздегені басқа ма?

Ербол Молдажанов: Шынымен, кей штаттарда куәлік алу оңайырақ деген ой бар. Себебі мен жаңадан куәлік алуға құжат тапсырарда жігіттер: "Питтсбургте оңайырақ, Майамиде оңайырақ" деп айтатын. Бірақ басқа штатқа барып, оқуға артық шығындалғым келмей, Нью-Йоркте тапсырдым. Тест тапсыратын жерге барғанымда алдымда жүргізуші куәлігін алғысы келген 3 адам болды. Үшеуі де құлап қалды. Сол кезде мұны тапсыру оңай емес екенін түсіндім. Егер бұл оңай болса, көз жұмып, кешіріммен қараса, сол күні бәріміз өтіп кететін едік. Сол үшін бұл қатал деп айтамын. Транспорт министрлігі бес штатты атады. Оның ішінде Калифорния, Техас, Оңтүстік Дакота, Пенсильвания штаттары бар. Бірақ шынымен сол штаттарда ағылшын тілін білмесе де, кей жерлерде көзді қысып өткізетін мүмкіндіктер бар сияқты. Енді қолыммен ұстап, көзіммен көрген жоқпын, бірақ естігенім рас.

ЖҮК КӨЛІГІН ЖҮРГІЗУШІЛЕРГЕ НЕГЕ ШҮЙЛІКТІ?

АҚШ-қа шетел азаматтары түрлі жолмен келеді. Миграция мақсатында берілмеген визамен уақытша келіп, кейін статусын өзгертіп, елде көбірек қалатындар бар. Оған қоса, елге оңтүстіктегі шекарадан заңсыз кіріп, кейін АҚШ үкіметінен саяси пана сұрайтындар немесе шетелде жүріп саяси пана алғандар бар.

Бұдан бөлек, Украинадағы соғысқа байланысты украин босқындары мен Эквадордағы саяси-экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы себепті эквадорлықтарға арналған арнайы миграциялық бағдарлама болды. Трамп әкімшілігі осы тектес бағдарламаларды тоқтатып, шетелден уақытша болса да мигранттардың кіруін тежеп тастады. Ербол АҚШ-қа келген кездегі шетел азаматының статусы да жүк көлігін жүргізу куәлігін алуға әсер етеді дейді.

Ербол Молдажанов: Не үшін олар жүк көлігін жүргізетін шетел азаматтарына шүйлікті екен деп түсінуге тырыстым. Неге ағылшын тілін білмейтіндерді бірден куәлігінен айырып жатыр деп ойладым. Ол жерде мынадай корреляцияны байқап отырмын. Егер ағылшын тілін білмесең, қалай заңдарды жақсы жаттайсың?! Мысалы, теориялық және практикалық тесттен бөлек жарты күн отырып зерттейтін заңдарды жібереді. Мен оларды оқығанда "қандай мықты жүйе жасаған" деп таң қалдым. Сен ана заңдарды қадағаласаң, ешқандай апат болмайды. Ал сырттан келген, ағылшын тілін білмейтіндерге шүйлігіп отырғаны – олар соны ескермейді. Қатты шу тудырған кейсте тегі үнді азаматтың тасжолда кетіп бара жатып солға бұрылғанын көреміз. Ондай жерде жүк көлігі ешқашан бұрылмайды. Ол жерде тіпті жеңіл көлік бұрыла алмайды. Енді бұл өте ауыр қылмыс. Үш адам мерт болды. Ол жерде куәлік алған адамдар заңды дұрыс оқымаған, ережелерді дұрыс жаттамаған. Сондықтан апатқа түсті деген ойға келген сияқты.

Азаттық: АҚШ-қа Орталық Азиядан барғандар арасында жүк көлігін жүргізетін адамдардың нақты бір саны бар ма? Сосын кейінгі шешімге байланысты өз айналаңызда жүк көлігін жүргізетіндерді іздеп жатқан компаниялар көбейді ме?

Ербол Молдажанов: Статистиканы нақты білмеймін. Бірақ көп екені анық. Жүк көлігі саласына былай қарауға болады. АҚШ-қа келген кезіңізде сізде колледждің дипломы болмаса, ағылшын тілін кәсіби деңгейде білмесеңіз және керемет бір саладағы білікті маман болмасаңыз, бірақ жүк көлігін айдай алсаңыз, шамамен орта деңгейдегі бағдарламашы сияқты қаражат таба аласыз. Сол үшін мұнда келген қазақтар арасында қыздар да осы салаға қызығатыны байқалады. Екі-үш жылда олар Қазақстаннан үй-жайын реттегісі келеді немесе осы жақта жүргізетін бизнесіне ақша жинап алғысы келеді.

Содан жүк көлігі саласында қазақтар, қырғыздар және тағы басқа ТМД елдерінен келген адам көп. Жағдай қиындай бастаған тұста маған заңгерім хабарласып, әзірге жүк көлігін жүргізуді тоқтата тұр деген кезде оған бірден сенгім келмеді. Өйткені жұмыс беруші компания маған өте жақсы жалақы төлеп тұр. Осы уақытқа дейін атқарған жұмысымда жинаған тәжірибемнің арқасында өте жоғары жалақы алатын мүмкіндікке жеткен шақта неге тоқтатамын деп ойладым.

Сосын тек адвокаттың сөзіне иланбай, айналамдағы жүк көлігі саласында бизнесі бар жігіттерге хабарласа бастадым. "Сендерде не болып жатыр, қалай болып жатыр?" деген сұрағанымда, шынымен көлік компаниясындағы 4-5 адам әзірге жұмысын тоқтатқанын айтты. Бір жағынан кейбір адам құжат мәселесін уайымдап тоқтап қалса, екінші жағынан жұмысқа да сұраныс арта бастағанын байқадым. Маған кейінгі 10 күнде үш жерден ұсыныс түсті. Мен оларға "қазір мына жақта өзгеріс болып жатыр, мен әзірге қоя тұрайын ба, не істегенім дұрыс?" десем, олар "ол жақты қоя тұр, бірақ егер жұмысқа шығатын болсаң, кейін бізге кел" деді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ-та жүк көлігін айдайтындарға талап күшейді. Орталық Азиядан барған тракшылар енді қайтпек?