ҚЫРҒЫЗ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ҰЛЫ ЖӘНЕ "БЕРЕКЕТ БАНК"
Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың кенже ұлы Нұрдәулет Нұрғожаев елде жаңа тіркелген "Берекет банк" құрылтайшыларының бірі болды. Бұл жөнінде пікір білдірген президент банктің жеке бизнес екенін, ұлы оған тәжірибе жинау үшін барғанын айтты.
– Билікте отырғаныма бес жылдан асты. Осы уақыт аралығында мемлекет істеріне отбасымның мүшелерін де, бауырларымды араластырмадым. Бір отбасыдан бір саясаткер шықса жетеді деп санаймын. Мен оларға әрдайым "бизнеспен айналысыңдар, өндіріс ашыңдар, елге инвестор тартыңдар" деп айтамын. Құдайға шүкір, барлығы да айтқаныма құлақ асып, мемлекет істеріне араласпайды", – деді Жапаров.
Президент туыстарының арасында расымен де шенеунік не депутат жоқ. Алайда Нұрдәулет Нұрғожаевтың банк саласына барғаны қаржылық алаяқтықпен және қызмет бабын теріс пайдаланумен аяқталған ескі оқиғаларды ойға салды.
Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің ұлы Максим Бакиев
Елдің бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің тұсында президент отбасының Қырғызстан қаржы жүйесіне ықпалы зор болды. Оның ұлы Максим Бакиев Даму және инвестиция жөніндегі орталық агенттікті басқарып, елдегі ең ірі коммерциялық банктердің бірі – AsiaUniversalBank-тегі үлестерді бақылауда ұстаған. Бакиев елден қуылған соң билікке келген уақытша үкіметтің айтуынша, мемлекеттік және жекеменшік ірі қаражат осы банк арқылы өткен және қаржылы сыртқа шығару схемалары жүзеге асырылған.
2010 жылғы Сәуір төңкерісінен кейін Бакиев отбасымен бірге шетелге қашып, Беларусьті паналады. Ал AsiaUniversalBank мемлекетке өтіп, Максим Бакиев сырттай 25 жылға сотталды. Бұл іс Орталық Азияда банк секторын билік және капитал құралына қалай айналдыруға болатынын көрсетті.
"Мемлекет басшысының отбасы мүшесі сол мемлекеттің өзі реттейтін салаға қол жеткізсе, бұл сөзсіз билік органдары шешімдерінің тәуелсіздігіне күмән тудырып, институционалдық тетіктердің жеке байланыстармен алмастырылу қаупін туғызады", — деп жазды адвокат Әсел Арғымбаева Facebook-тегі парақшасында Жапаровтың ұлы "Берекет банк" құрылтайшыларының қатарына кіргені туралы жаңалық шыққаннан кейін.
Осы тұста кейбір адамдар Садыр Жапаровтың әпкесін еске алды. 2012 жылы "Ыстық-Көл" инвестбанкінің жетекшісі Райкүл Жапароваға алаяқтық және табыстың ізін жасыру айыбы тағылды. Банк банкрот деп танылып, шетелге қашып кеткен Жапарова 10 жылға сотталған. Елдегі кезекті төңкерістен кейін билікке оның інісі Садыр Жапаров келіп, 2021 жылғы қаңтарда Қырғызстан жоғарғы соты президенттің әпкесі туралы шешімнің күшін жойып, айыптардың бәрін алып тастады.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КҮЙЕУ БАЛАЛАР КЕЙСІ
Президент туыстарының банк саласындағы қылмыстары Қырғызстанмен шектелмейді.
Көрші Қазақстанда 2008 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтің аты аталған даулы іс жүрді. Алматыда өткен бұл процесте "Нұрбанктің" бұрынғы қызметкерлері осы қаржы институтын бақылауда ұстаған Әлиевтің бұйрығымен салымшылардың ұяшықтары қалай бұзып ашылғанын егжей-тегжейлі баяндады.
Сотта сөйлеген куәгерлердің айтуынша, клиенттердің рұқсатынсыз ұяшықтардан алынған жүздеген мың доллар мен еуро, қымбат сағаттар мен зергерлік бұйымдар Әлиевтің өзіне жеткізіліп отырған. Бұл оқиғалар 2007 жылдың ақпанында болған. Ал оның алдында Әлиев "Нұрбанктің" екі топ-менеджерін ұрлап әкетуді ұйымдастырған. Бұл да кейінірек сот процесі кезінде мәлім болды.
Бірақ осы ұяшықтарды рұқсатсыз бұзу секілді қылмыстар жасалған кезде ықпалды күйеу бала әлі де билік басында еді, сол себепті қаржы институттары мен елдегі құзырлы органдар оған айып таға алмады. Ол аз десеңіз, сол айда Әлиев Қазақстанның Австриядағы елшісі болып тағайындалып кетті.
Рахат Әлиев (сол жақта) пен Нұрсұлтан Назарбаев
Өзгеріс тек қана Әлиев қайын атасының қаһарына ілінгенде ғана басталды: оған іздеу салып, президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаевамен сырттай ажырастырып, үстінен сырттай іс қозғады. Оны ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, бопсалады және адам ұрлады деген айыппен 20 жылға соттады. Кейінірек оған мемлекетке сатқындық жасады, төңкеріс жасамақ болды деген айыппен алдыңғы жазасына тағы 20 жыл қосылды.
Әлиев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, қылмыстық істердің астарында Назарбаевтың қарсыластарынан кек алу ниеті жатқанын айтты. 2014 жылы Вена түрмесінде қайтыс болғаны мәлім болды. Ресми нұсқа бойынша, ол өз-өзіне қол жұмсаған. Назарбаев Әлиев қайтыс болғаннан кейін күйеу баласына кезінде тым көп билік бергенін, мұнысы "қателік болғанын" айтқан.
"Рахатгейт" деп аталып кеткен атышулы жанжал кезінде қаржы нарығында айтарлықтай өзгерістер болды. Бұрын актив көлемі жағынан Қазақстанның алдыңғы он банкінің қатарына кірген "Нұрбанк" акциялары Рахат Әлиевтен оның бұрынғы әйелі Дариға Назарбаева мен ұлы Нұрали Әлиевтің меншігіне өтті. 2010 жылы олар банк акционерлері құрамынан шыққанымен, Forbes Kazakhstan рейтингі бойынша әлі күнге дейін елдің ең бай кәсіпкерлері қатарында аталып келеді. 2025 жылғы мәлімет бойынша, Дариға Назарбаеваның иелігіндегі активтері шамамен 571 миллион доллар, ал Нұрали Әлиевтің байлығы 289 миллион доллар деп бағаланған.
Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды (оң жақта). Астана, 7 қазан, 2010 жыл.
Қазақстандық Forbes басылымының рейтингіне бір кездері бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір туысы – оның немере інісі Қайрат Сатыбалды да енген еді. Ол 2018 жылға дейін Kaspi компаниясы акционерлерінің бірі болған.
Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін экс-президент пен оның әулеті өкілдерінің ықпалы күрт төмендеп, Сатыбалды активтері мен бостандығынан айырылды: қаржы жымқыру айыбы бойынша сот үкімімен алты жылға бас еркіндігінен айырылып, мүлкі тәркіленді. 2024 жылы Сатыбалды қамаудан мерзімінен бұрын босап шықты. Билік Сатыбалды мемлекетке бір жарым миллиард доллардан артық активтерді қайтарды деп мәлімдеді.
Қаңтар оқиғасынан кейін экс-президент Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев пен ортаншы қызы Динара да кейбір активінен айырылды: Алматы қаласының қымбат ауданындағы және елдің бірнеше өңіріндегі жер телімдері олардың меншігінен қайтарылды, ал кейінірек "Сұйылтылған мұнай газын сақтау паркі" компаниясындағы 50 пайыз болатын үлесі алынды. Дегенмен, ерлі-зайыпты Құлыбаевтардың негізгі активі – "Халық банк" (Halyk Bank) – олардың иелігінде қалды. Динара және Тимур Құлыбаевтар елдегі ең ірі коммерциялық банктің активтерін "АЛМЭКС Холдинг Групп" компаниясы арқылы басқарады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев (ортада).
Америкалық Forbes басылымының бағалауы бойынша, Құлыбаевтар отбасының жалпы капиталы шамамен 10 миллиард долларға тең, олардың байлығы өсіп жатыр. Көп жыл бойы Тимур Құлыбаев елдің экономикалық әлеуетін саяси ықпалға айналдыра білді. Ол Қазақстанның ұлттық компанияларын біріктіретін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын бақылап, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы, KAZENERGY мұнай-газ және энергетика қауымдастығының жетекшісі, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті болды.
Қаңтар оқиғасынан кейін ол жоғары лауазымдарының бірқатарынан айырылды, бірақ өз капиталын сақтап қалды. Сарапшылардың пікірінше, жүйе құраушы банкке иелік ету – меншік иелерін саяси қатерлерден сақтандыратын мәнге ие.
"Біріншіден, жүйе құраушы банктер, екіншіден, халықаралық нарыққа шыққандар саяси тұрғыдан сенімді сақтандыру элементіне айналады, – дейді National Business Kazakhstan онлайн-басылымының бас редакторы Ардақ Бөкеева. – Мысалы, Halyk Bank акциялары Лондон биржасында, ал Kaspi Bank бағалы қағаздары АҚШ-тағы Nasdaq биржасында саудаланады. Мұндай халықаралық деңгейге шығудың шынымен саяси сақтандырушы мәні бар, өйткені халықаралық нарықтармен қалжыңдай алмайсың. Олар волюнтаризмге жол бермейді, өйткені оның салдары елдің беделіне, инвестициялық ахуалына тым қымбатқа түседі".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Назарбаевтың күйеубаласы". Тимур Құлыбаевтың активінен айырылса да баю сыры неде?РАХМОННЫҢ ӘУЛЕТІ ЖӘНЕ БАНК ЖҮЙЕСІ
Тәжікстандағы банк секторының активі бір Тимур Құлыбаевтың байлығына жетпейді. Бар-жоғы 4,8 млрд доллар ғана. Осы шағын нарықты Тәжікстанды 30 жылдан астам уақыт басқарып келе жатқан Эмомали Рахмонның туыстары билеп отыр.
Көпбалалы Рахмонның (жеті қызы, екі ұлы бар) отбасы саясатқа да, экономикаға да араласып отыр.
Мәселен, елдегі ең ескі әрі ықпалды коммерциялық банктердің бірі "Ориёнбанкті" президент әйелінің інісі Хасан Асадуллозода басқарады. Ал оның орынбасары қызметін мемлекет басшысының қызы Зарина Рахмон атқарады.
Тәуелсіз баспасөз құралдары 404 млн доллар активі бар, ел аумағында филиалы көп "Тәжікстан халықаралық банкін" Жамшед Гуловпен байланыстырады. Ол – президенттің күйеу баласы, Ашраф Гуловтың бауыры. Ашраф Гулов президенттің қызы Парвина Рахмонға үйленген.
Жамшед пен Ашрафтың әкесі Шерәлі Гул 2013 жылғы дейін Тәжікстан энергетика министрі қызметін атқарған.
Активі 308 млн доллар деп бағаланған "Спитамен Банктің" ипотека, автонесие және сақтандыру саласында ықпалы зор. Оның акционерлерінің бірі – "Спитамен Сугурта" сақтандыру компаниясы. Кейбір дереккөз бойынша, оның артында Жамолиддин Нұрәлиев тұр. Ол – Тәжікстан ұлттық банкі төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары әрі Озода Рахмонның күйеуі. Ал Озода президенттің ең ықпалды қызы саналады. Қазір президент әкімшілігін басқарып отыр. Нұрәлиевтің өзі банкте үлесі барын жоққа шығарады.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон отбасымен бірге. Архивтегі сурет.
Жақында "Спитамен Банк" және президент әулетіне қатысы бар деген "Душанбе Сити Банк" пен "Тәжікстан коммерциялық банкі" Еуроодақ санкциясына ілінген. Осы үш банкте бүкіл халықтың депозитінің бестен бір бөлігі, яғни шамамен 620 млн доллар сақталады.
Тәжікстандағы заңды тұлғалар бірыңғай мемлекеттік реестріндегі дерекке сәйкес, "Душанбе Сити Банктің" (активі 375 млн доллар) негізгі қожайыны – "Авесто Групп" компаниясы. Бұл компания банк акцияларының 70 пайызына иелік етеді. Компанияны Мирзо Мұхаммед басқарады. Ол – Душанбе мэрі әрі парламент жоғарғы палатсының спикері Рустам Эмомалидің досы. Елдегі саяси биліктің мұрагері ретінде Рахмонның осы ұлы жиі аталады.
2016 жылы негізі қаланған "Авесто Групп" бірқатар ірі бизнесті басқарады. Оның ішіне минералды сусын шығаратын өндірістен бастап Душанбе мен Қожант қаласындағы қоғамдық көлік электронды ақы төлеу жүйесіне дейін көптеген бизнес кіреді.
Елдегі тағы бірі банк – "Тәжікстан коммерциялық банкі". Бұрын ол "Фароз" компаниясына тиесілі болған. Бұл компания ұзақ жылдар бойы елдегі стратегиялық салаларды басқарып келді. Баспасөз құралдарының дерегінше, компанияның Шамсулло Сохибовқа қатысы бар. Ол – Рахмонның қызы Рухшонаның күйеуі.
Елдің қаржы жүйесінде Тәжікстанның алғашқы ислам банкі "Тавхидбанк" те елеулі орын алады. Оның атқарушы директоры – Мухиддин Хасанзода. Ол – "Ориёнбанк" басшысы әрі президенттің қайын інісі Хасан Асадуллозоданың ұлы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ұзарту, жаңарту, қайта жазу". Президенттер Конституцияны неге өзгертеді?МИРЗИЯЕВТІҢ ҚАРЖЫ ИМПЕРИЯСЫ
2016 жылы Өзбекстанда Шавкат Мирзияев билікке келгеннен кейін елдің қаржы және банк секторындағы бірқатар ірі активтер президентке жақын топтардың қолына шоғырлана бастады. Мемлекеттік инвестициялар мен кәсіпорындарды президент отбасымен байланысы бар компаниялар, соның ішінде банк секторында да капитал көзі ретінде белсенді пайдаланды.
Азаттық радиосының Өзбек қызметі жүргізген журналистік зерттеу президенттің туысы Ойбек Умаровқа (Мирзияевтің қызы Шахноза Мирзияеваның күйеуі Отабек Умаровтың туған інісі) тиесілі Orient Group конгломераты мемлекеттің әл-ауқат қорынан ондаған миллион доллар көлемінде инвестиция алғанын анықтаған.
Зерттеу деректері бойынша, 2016 жылдан 2020 жылға дейін UOIC мемлекеттік қоры (Оманның инвестициялық басқармасы мен Өзбекстанның тәуелсіз қорын қадағалайтын Қайта құру және даму қоры бірлесіп құрған институт) бөлген жалпы инвестиция көлемінің 86 пайызы Ойбек Умаровтың компанияларына тиген.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (ортада) отбасы мүшелерімен бірге тұр. Ташкент, 9 шілде, 2023 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің үлкен күйеу баласы Ойбек Тұрсынов 2021 жылы елдің қаржы нарығындағы ең ірі банктердің бірі – Kapitalbank-тің 112,49 миллион қарапайым акциясын сатып алып, осы қаржы ұйымының 50 пайыз үлесіне ие болды. Бұл мәміленің құны жарияланбаған.
Арада бір жыл өткенде Тұрсынов ол ұйыммен байланысты тұлғалар тізімінен шығаралды. Осыдан кейін банк шыққан тегі өзбек ресейлік миллиардер Әлішер Усмановқа қатысы бар компанияның меншігіне өткен. Мирзияев билікке келгеннен кейін Усманов Өзбекстанда ықпалы бар тұлғаға айналған.
Бұрын Мирзияевтің туыстарының бірі Усмановтың жиеніне тұрмысқа шыққан еді, бірақ ол адам жол апатынан мерт болған. Әйткенмен екі отбасының арасындағы байланыс үзілмегенге ұқсайды.
Президент Мирзияев шетелге алғашқы ресми сапарларында Усмановтың жеке ұшағын пайдаланғаны мәлім. Кейін өзбек билігі бұл ұшақ жалға алынған деп түсіндіргенімен, ол жөніндегі келісім-шарт көпшілікке жария етілмеген.
2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Батыс елдері кәсіпкер Әлішер Усмановты санкция тізіміне енгізді. Содан кейін оның компаниясы Kapitalbank акционерлері қатарынан тез арада шығып кетті.
Бір кездері Ойбек Тұрсынов Uzcard банкаралық төлем жүйесін бақылауда ұстаған еді, оған компания акцияларының 75 пайызы тиесілі болатын. 2020 жылы Тұрсынов акционерлер құрамынан шыққан.
Көпшілік алдына өте сирек шығатын Ойбек Тұрсынов елдегі ең ықпалды тұлғалардың бірі саналады. Ал оның әйелі Саида Мирзияеваның мемлекеттік қызметтегі мәнсабы кейінгі жылдары өте шапшаң көтеріліп келеді. Биыл маусым айында ол Өзбекстан президенті әкімшілігінің басшысы болып тағайындалып, әкесі – президент Шавкат Мирзияевтен кейінгі ең жоғары лауазым иесі атанды.
41 жастағы Саида Мирзияеваны әкесінің саяси мұрагері болуы мүмкін тұлған ретінде жиі атайды. Ол үнемі ресми кездесулерге қатысады, шетелдік делегацияларды қабылдайды, өңірлерге сапар жасап, халықаралық деңгейдегі кездесу-жиындарға Өзбекстан атынан қатысып жүр.
"Өзбекстан жемқорлық, тамыр-таныстық пен билікті теріс пайдалану деңгейі жоғары авторитарлық мемлекет болып қалып отыр", – деп жазды биліктегі жемқорлық тақырыбын зерттеумен айналысатын Transparency International халықаралық ұйымы өз есебінде.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Азаттық зерттеуі: Мирзияев Өзбекстанды үлкен әулетімен бірге басқарып отырПРЕЗИДЕНТ ОТБАСЫЛАРЫ БАНК БИЗНЕСІНЕ НЕГЕ ЫНТЫҚ?
Халықаралық ұйымдар автократиялық елдерге жатқызатын Орталық Азия мемлекеттерінде билік басындағы адамдар стратегиялық ресурстарды, соның ішінде банк секторын өз бақылауында ұстауға бейім. Осылайша олар қаржы ресурстарын өз қажетіне қарай үйлестіріп, билігін нығайтады.
Ардақ Бөкеева
– Банк бизнесі – өте нәзік сала. Өйткені ол сенімге сүйеніп жұмыс істейді. Біз оларға өз ақшамызды сеніп тапсырамыз, ал олар сол ақшаны несие беруге жұмсайды. Осылай кете береді, – дейді Ардақ Бөкеева. – Жұрт [президент] отбасының мүшелеріне не соларға жақын адамдарға тиесілі банктерге неліктен көбірек сенді? Өйткені оларға көмектесетініне, оларды ұстап тұратынына, банк күйреп қалмайтынына, дефолтқа ұшырамайтынына сенді. Яғни сен ақшасыз қалмайсың.
2017 жылы Қазақстан банк секторында үлкен шығын әшкере болып, мемлекет оларға көмек қолын созды. Сөйтіп банк жүйесін "құтқаруға" 2 трлн теңгеден астам (сол кездің бағамы бойынша, 6 млрд доллардан аса) қаражат бөлді. Бұл жекеменшік банк бизнесіне көрсетілген алғашқы көмек емес еді. 2009 жылы "қаржы секторын тұрақтандыруға" қазынадан төрт млрд доллар жұмсалған.
"Кейбір банктер өз шығындарын әлдеқашан өтеген. Бірақ мемлекеттің иелігіндегі қаржыны қайтаруға асықпайды. Тіпті оны жоғары пайызбен тәуекелі аз мемлекеттік қаржы құралдарына салып, кепілді табыс тауып отыр," – деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардағы үкімет отырысында. "Кезінде сіздерге көмектестік, енді сіздердің кезектеріңіз келді".
Осы сөзден кейін елде банк қызметі туралы заңнамаға түзетулер енгізу туралы заң жобасы әзірленді. Қазір оны парламент қарастырып жатыр. Мәжіліс депутаттары банк жүйесі жылдар бойы "ерекше мәртебені" пайдаланып келгенін айтып отыр. Билік әзірлеген заң жобасында мемлекеттің банктерді қаржылай қолдауына тыйым салынған.
Елдегі ірі банктер әлі де Назарбаевтың туыстары мен экс-президентке жақын топтардың бақылауында қалып отыр. Мысалы, елдегі ең ірі бес банктің бірі саналатын Forte кезінде президент істері басқармасының жетекшісі болған Болат Өтемұратовқа тиесілі. "Қазақмыс" тау-кен компаниясының иесі миллиардер Владимир Ким Bank RBK қаржы ұйымын бақылауда ұстап отыр. "Еуразиялық банктің" акциясы толықтай "Еуразия қаржы компаниясына" тиесілі. Оның түпкі бенефициарлары – Назарбаев кезінде байыған "еуразиялық үштік" – Патох Шодиев және Әлижан Ибрагимов пен Александр Машкевичтің мұрагерлері.
– Банктердің үкіметпен қатар банк қызметіне қатысы жоқ ірі бизнеспен байланыста болуы экономика үшін жақсы емес, – дейді Ардақ Бөкеева. – Біріншіден, бұл бәсекелі ортаны бұрмалайды. Бір кездері Қазақстандағы зейнетақыны тек Halyk Bank арқылы алу мүмкін болғанын бәріміз білеміз ғой. Квазимемлекеттік құрылымдардың депозиттері де белгілі бір банктерде болды. Бәсекелі ортада, яғни бұрмалау жоқ кезде қаржы жүйесі әлдеқайда сау болар еді.