АҚШ-тағы Freedom House адам құқықтары ұйымының "Интернет еркіндігі-2025" есебінде Қазақстан көрсеткіші 34 ұпайдан 37 ұпайға (барлығы 100 ұпай) өссе де, "Интернеті еркін емес ел" қатарында қалды.
Ұйым есепте қамтылған уақытта (1 маусым 2024 жыл – 31 мамыр 2025 жыл) Қазақстанда наразылық кезінде интернетті бұғаттау, БАҚ-қа кибершабуылдар азайып, ұялы байланыс нарығы әртараптандырылды дейді. Freedom House бұл жайттарды ескере отырып "Қазақстанда интернеттің еркіндігі біраз жақсарды" деп жазды.
Бірақ, Freedom House-дың "Әлемдік интернеттің болашағы бұлынғыр" деп аталатын есебінде, Қазақстанда интернет еркіндігі әлі де репрессивті екені айтылады.
"Үкімет сайттарды жиі бұғаттап, желіде сыни пікір жазғандарды қудалайды. Интернетте ашық пікір жазғандардың бостандығына қауіп төндіретін заң қабылданды" дейді ұйым.
Мәселен, құжатта Қазақстанда кемі 17 медиа сайт пен интернеттегі бұғаттауды айналып өтетін 73 құрал Бұл деректер Open Observatory for Network Interference (OONI), "Қазақстандағы интернет еркіндігі" және Eurasian Digital Foundation ұйымдарының 2024 жылы қазандағы есебінде айтылған. жазылған.
Ұйым авторлары есепте "Қазақтелеком" компаниясы "Mobile Telecom Service" мобильді байланысын катарлық Power International Holding компаниясына сатқанын атап өтіп, "бұл ұялы байланыс нарығында бәсекені күшейтеді" дейді.
МАСС-МЕДИА ЗАҢЫ МЕН ИНТЕРНЕТТЕГІ БАҚЫЛАУ
Freedom House ұйымы Қазақстанда 2024 жылы жазда қабылданған "Масс-медиа заңы" билікке БАҚ жұмысын бақылауға мүмкіндік беретінін айтады.
"Заңға сай, интернет басылымдар енді БАҚ ретінде мемлекеттік тіркеуден өтуі керек. Заң бойынша, енді үкімет шетелдік журналистің материалын "пропаганда я экстремизм" деп тапса аккредитациясын жоюға мүмкіндігі бар. Бұған қоса, билік осы заң арқылы басылымдардың ұлттық, мәдени, отбасылық құндылықтарға сай келетінін я келмейтінін бақылай алады" деп жазылған есепте.
Қазақстанда қабылдаған "Масс-медиа заңына" сай, ақпарат министрлігі медиаларға "қоғамның адамгершілік дамуына зиян келтіру және жалпыадамзаттық, мәдени, ұлттық және отбасылық құндылықтардың бұзылуына қатысты" мониторинг жүргізе алады.
Заң сыртқы істер министрлігіне "шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдіктері мен журналистерін аккредиттеуден бас тартуға құқық" береді.
Есепте Қазақстанда "саяси, әлеуметтік, діни контенттер бұғатталатыны; жалдамалылар әлеуметтік желідегі пікірталасты манипуляция жасайтыны; блогерлер мен желі қолданушылары саяси және әлеуметтік контент үшін жазаланатыны, соққыға жығылып, өлтірілетіні" айтылады.
ЕНСЕБЕКТІҢ СОТЫ, САДЫҚОВТЫҢ ҚАЗАСЫ
Мәселен, ұйым 2025 жылы сәуірде Алматы соты Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебектің бас бостандығын бес жылға шектегеніне тоқталған. Сот Еңсебекті "араздықты қоздырды" деп айыптаған еді.
Айыптау актісіне сай, Еңсебек 2024 жылғы қаңтарда өзі жүргізетін пабликте "орыс азаматтарының ар-намысын қорлайтын" трек жариялаған. Еңсебек "Йоу, орыстар" деген бейәдеп сөздерден тұратын әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы постына қосқан еді.
Темірлан Еңсебек сот отырысында. 9 сәуір, 2025 жыл.
Ал Еңсебек өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған. Ол үкімді "тым қатаң" деп бағалап, жазбасы орыс этносына қарсы бағытталмағанын, даулы "Йоу, орыстар" әні Ресейдің Украинадағы соғысынан соң кең тарағанын айтты. "Менің жақсы көретін қызым мен достарым – орыстар, оларды қалай жек көруім мүмкін?" деген едіол.
Freedom house есебінде "Бәсе" Youtube-каналының авторы Айдос Садықовты 2024 жылы 18 маусымда Киевтегі үйінің маңында атып кеткеніне де тоқталған. Басына оқ тиіп, ауыр жараланған Садықов 2 шілдеде ауруханада көз жұмды.
"Украина тарабы Қазақстанның екі азаматын күдікті ретінде анықтаған, бірақ Қазақстан үкіметі күдіктінің бірін Украинаға экстрадициялаудан бас тартты. Бір күдікті бостандықта жүргені жайлы ақпарат бар" деп жазады ұйым құжатта.
Украина бас прокуратурасы Садықовтың қазасына қазақстандық Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевты күдікті ретінде атаған еді. Кейін Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп хабарлаған. Астана күдіктілерді Киевке экстрадициялаудан бас тартқан еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Садықовты атуға тапсырыс бергендер әлі табылмады, Астана күдіктілерді Киевке беруден бас тартқанБылтыр Айдос Садықовтың әйелі Наталья Садықова қазаға Қазақстан билігін айыптап, қастандық "Тоқаевтың арында" деп мәлімдеген. Астана қастандықтың артында Қазақстан билігі тұр деген айыптауды жоққа шығарған. Қазақстанның тиісті органдары аталған іс бойынша мәліметті өте сирек береді. Ал Украина күдіктілерге іздеу жарияланғандықтан істі тоқтатқан.
"ОНЛАЙН РЕПРЕССИЯ". ӘЛЕМДЕГІ АХУАЛ ҚАНДАЙ?
Freedom House ұйымы "Әлемдік интернеттің болашағы бұлынғыр" деп аталатын есебінде "әлемде қазір ғаламтор бұрынғыдан да қатты бақыланып, манипуляцияға көп ұшырайды. Интернеттегі еркіндік 15 жыл бойы төмендеп келеді, себебі авторитар биліктер ғаламторда ұйымдастырылған наразылықтарды басу үшін онлайн репрессия мен цензура қолданады. Ал демократиялы елдерде жұрттың желіде пікір айтуы шектеле бастады" дейді.
Құжатта "авторитарлы лидерлер билігін нығайту үшін онлайн ақпаратты бақылайтыны, биліктер наразылық пен сайлау кезінде интернетте өзгеше пікір айтқандарды аңдып, жазалайтыны" айтылады.
Бұл есепке Орталық Азиядан Қырғызстан мен Өзбекстан да енген. Ұйым Қырғызстанда интернет еркіндігі тарылып жатқанына алаңдайды. Әсіресе билікті сынаған журналистер, белсенділер мен жеке адамдардың ұсталып, онлайн медиалар жаппай қудаланып жатқанын айтады. "Интернеті жартылай еркін ел" деп танылған Қырғызстанның есептегі ұпайы жыл сайын азайып келеді (2023 жылы 52 ұпай болса, биыл 47 ұпай).
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сот "Клооп" операторы мен бұрынғы қызметкерін түрмеге жібердіАл Өзбекстан есепте "интернеті еркін емес" елдердің қатарында тұр (29 ұпай). Ұйым "интернетте билікті сынағандар қамалып, сайттар жиі бұғатталып, аңду жиі болғандықтан Өзбекстан әлем бойынша ғаламтор еркіндігі ең нашар елдің бірі" дейді.
Есептен Ресейдегі интернет еркіндігі де жыл сайын нашарлап бара жатқанын байқауға болады. 2021 жылы 21 ұпайға ие болған елдің биылғы көрсеткіші – 17 ұпай. Freedom House Ресей халықты ғаламдық интернеттен оқшаулау үшін заң қабылдап, билік пен соғысты сынаған медиалар мен адамдарды қуадалау жалғасып жатыр дейді.