Өткен айда Ресейдің Қиыр Шығысындағы Хабаровск қаласында аялдамада намаз оқыған автобус жүргізушісінің ісі қаралды. Көлікте болған жолаушылар "бізді күткізіп қойды" деп оның үстінен шағым түсірген.
Орталық Азияның бір елінен шыққан мигрант қоғамдық көліктің соңғы аялдамасында құлшылық жасаған. Өлкелік көлік министрлігі жүргізушінің ісінде еш сөкеттік жоқ деп тапты. Себебі соңғы аялдамада жүргізушінің сыртқа шығып, демалуға хақы бар, ол сол мүмкіндікті пайдаланған. Алайда оның далада намаз оқыған видеосы Ресейде онлайн наразылыққа түрткі болды.
"ОҢАША ОРЫН ІЗДЕУ ЖӨНІНДЕ КЕҢЕС БЕРІЛДІ"
Ресейде миллиондаған мұсылман бар, соның ішінде Орталық Азиядан келген мигранттар да көп тұрады. Олардың арасында айт не жұма намаз кезінде далада мінәжат ететіндер көп. Дегенмен Ресейде мұсылман мигранттарына деген өшпенділік артып, соңғы кездері көшеде намаз оқитындарға наразылық та өрши түскен.
2024 жылғы наурызда Мәскеудегі "Крокус сити" ғимаратына террорлық шабуылдан кейін Орталық Азиядан келген мигранттарды тексеру, тінту күшейді, олар көп депортациялана бастады. Терактіге қатысы бар деген күдікпен Тәжікстанның бірнеше азаматы қамалды.
Сыншылардың айтуынша, тротуар, автотұрақ, қоғамдық көлік сияқты жерлерде намаз оқығандарды басқа жұрт құрметсіздік, тіпті арандату деп қабылдап жатады. Ал мұсылмандар болса Ресейдің көп өңірінде, соның ішінде Мәскеу мен Санкт-Петербургте, мешіт жетіспейтінін айтады. Олар күніне бес уақыт намаз оқиды, оның кейбірі жұмыс уақытында болады, сондықтан мешітке барып үлгеру қиын деп түсіндіреді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бес сағат бойы ұрып-соқты, қорлады". Мәскеу моншасындағы оқиға: қырғыз азаматының көргеніНаурыз айында Ресейдің Тынық мұхиты жағалауындағы Владивосток қаласында автобус жүргізушісі көлігінің алдында намаз оқып тұрған видеосы әлеуметтік желіге таралғаннан кейін билік оған тәртіптік шара қолданған. Владивосток әкімшілігі таратқан мәлімдемеде: "Жүргізушіге өзгелерге қолайсыздық тудырмас үшін діни құлшылықты атқаруға қолайлырақ, оңаша орын іздеу жөнінде кеңес берілді" делінген.
Қоғамдық орында намаз оқитын мұсылман мигранттар мәселесін Ресейдің жоғары шенді тұлғалары да көтерген.
"Мұсылмандардың намаз оқығанына қарсы емеспін, бірақ метрода біреу жайнамазын төсесе не шағын автобус жүргізушісі намаз кенеттен намаз оқи бастаса, бұл оғаш көрінеді" деді Ресей президенті жанындағы адам құқықтары кеңесінің басшысы Валерий Фадеев биыл қазанда Өзбекстанға сапары кезінде.
Мәскеуде көліктердің арасында намаз оқып жатқан мұсылман. Архив фотосы
Көшеде намаз оқитындарды құптамайтындар мұсылмандардың ішінде де бар.
Ислам діні бойынша, мұсылман адам әуежай, парк не кеңсе сияқты жерлерде намаз оқи алады. Бірақ ол орындар таза болуы керек және басқаларға кедергі жасамауы тиіс. Зиратта, жуынатын бөлмеде намаз оқыған дұрыс емес.
Тәжікстандық белгілі дінтанушы Адхам Хайдарзоданың айтуынша, Ислам діні "жол бойында және адам көп жиналатын жерлерде намаз оқымауға шақырады".
МИГРАНТТАР НЕГАТИВ КҮШЕЙЕ МЕ ДЕП ҚОРҚАДЫ
Ресейлік құқық қорғаушы Валентина Чупик Исламның діни жоралғыларына көп назар ауған сайын Орталық Азиядан келген мигранттарға қатысты стигма көбейіп, олар дискриминиацияға көп ұшырауы мүмкін.
Чупиктің айтуынша, мұндай оқиғаларға байланысты интернеттегі наразылық шынайы өшпенділікке ұласып, стереотиптерді күшейтіп, әлеуметтік жіктелуді тереңдете түседі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қиындап кетті". Орталық Азия мигранттарын Ресейге барудан тежейтін үрей мен белгісіздікОрталық Азиядан келген мигранттар да көшеде намаз оқу қоғамда теріс реакция тудыруы мүмкін деп алаңдайды.
Тәжікстаннан келген 34 жастағы такси жүргізушісі Далер көшеде немесе "ғимараттардың жанында, тіпті қоқыс жәшігінің қасында" намаз оқып тұрған мигранттарды көргенін айтады. Оның сөзінше, олардың көпшілігі — Тәжікстан, Өзбекстан немесе Қырғызстаннан келген таксистер. Олар намаз уақыты келгенде мешітке барып үлгермей жатады.
"Бұл жұрттың назарын аударып, мигранттарға деген теріс көзқарасты күшейтеді, — дейді Далер. — Мен адамдардың діни еркіндігін құрметтеймін, бірақ біз өзгелерге қолайсыздық туғызып, мигранттарға деген өшпенділікті арттыратын жерлерде намаз оқымауымыз керек деп ойлаймын".
Қоғамдық орындарда намаз оқуға қатысты пікірталас басқа елдерде де болып жатады.
2011 жылы Париж көшелерінде намаз оқуға тыйым салынды. Әсіреоңшылдардың наразылығынан кейін көшедегі намаз саяси мәселеге айналған.
Ұлыбританияда да көшедегі намаз дау тудырды. Ұйымдастырушылар ресми рұқсат алғанына қарамастан, 2021 жылы Лондондағы Тауэр көпірінен азан шақырылуы көпшілік сынына ұшырап, миграция жөнінде онлайн пікірталасқа себеп болды.