Орталық Азия халықтарының ұлттық тағамдарының басты құрамдас бөлігі – ет. Исі мұрын жаратын самса, майы тамған палау, баппен асылған ет және буы бұрқыраған мәнтіні етсіз елестету қиын. Алайда кейінгі кезде ет бағасы тоқтаусыз өсіп жатыр.
Мәселен, кейінгі бірнеше айда Қазақстанда сүйегімен сатылатын сиыр етінің бағасы шамамен 20 пайыз өскен. Егер жаз айларында Алматы базарларында бір келі ет 3800 теңге (шамамен 7 доллар) болса, қазір ол 4500 теңгеге (шамамен 8,5 доллар) жеткен. Ал бір жыл бұрын 3200 теңге болған еді.
Сарапшылардың пікірінше, бұған мал басының азаюы, жем-шөптің қымбаттауы және салаға мемлекеттік қолдауының жеткіліксіздігі әсер етіп отыр.
"ЖЕМ ҚЫМБАТ, СУ ТАПШЫ"
Алматыдағы ірі сауда орындарының бірі – "Көк базарда" ет сататын кәсіпкерлер кейінгі айларда сатып алушы азайғанын айтады.
"Халықта ақша жоқ, ет алатындар сиреді", – дейді сатушылардың бірі.
Ет қымбаттауына басты себеп – көтерме баға өскен. Тағы бір саудагердің сөзінше, шаруаға мал ұстау барған сайын ауырлай түскен:
"Мал өсіру қиын қазір: жем-шөп қымбат, су аз. Сондықтан келіп жатқан мал қымбат, ал біз көтерме бағамен сататындар қойған бағаға амалсыз көнеміз", – деді ол.
Ресми мәліметке сәйкес, биыл қазанда жылдық инфляция 12,6 пайыз болған. Бұған қоса, келесі жылдан бастап салықтар өспек және базардағы жалға алып отырған орын да қымбаттайды. Осының бәрі айналып келгенде өнім бағасына әсер етеді, ал салмақ сатып алушыға түседі.
2025 жылғы ақпанда Алматы базарларында бір келісі 3200-3500 теңге болған сиыр еті содан бері мың теңгеге қымбаттаған
Мал өсіретін шаруалардың пікірінше, еттің қымбаттауы – нарықтағы заңды құбылыс. "Бұл баға өсімінің жүйелік себебі бар, оны жай ғана уақытша қиындық немесе қателік деуге болмайды", – дейді фермерлер.
Қостанай облысындағы шаруашылық иесі Жәнібек Кенжебаевтың есебінше, ресми деректерде Қазақстанда 8 миллионнан астам ірі қара бар деп көрсетілгенімен, шын мәнінде 5-6 миллион бастан аспайды. Ол кейінгі жылдары шаруалар қолдағы малды жаппай союға мәжбүр болғанын айтты.
"Мал өсіру тиімсіз болып кетті: жем-шөп, жанармай, ветеринарлық қызмет бағасы шарықтап өсті, ал ет "әлеуметтік маңызы бар өнімдер" тізімінде қалды – бағасын төмен қылып ұстады. Осының бәрі 4-5 жыл бойы іштей жиналып, қазір енді жарылып шықты", – деп түсіндірді ол.
"Қазақстанның ет одағы" бірлестігінің басшысы Мақсұт Бақтыбаев та еттің қымбаттауына мал басының азаюы себеп болды дейді. Оның сөзінше, кейінгі 5-6 жыл бойы мал шаруашылығы саласы шығынға батып жұмыс істегендіктен, нарықта біртіндеп ұсыныстан сұраныс артқан.
"Фермерлерді өнімін өзіндік құнынан төмен бағамен сатуға мәжбүрледі. Көнбесең – етті көршіңнен сатып алады. Соның салдарынан мал басы азайып, шаруашылықтардың көбі жабылып жатыр. Бұл саладағы шағын бизнес қазір бұрынғының жартысына да жетпейді", – дейді Бақтыбаев.
Оның пікірінше, проблеманың түп-төркіні – үкіметтің жүйелі саясат жүргізбеуінде жатыр. Әлемде жер көлемі жағынан тоғызыншы орында тұрған Қазақстанда жайылым жер тапшы. Себебі ауыл шаруашылығына арналған жердің басым бөлігі жекеменшікке өтіп, көпшілігі пайдаланылмай, тозып кеткен. Ал мал өсіретін шаруаның қой-ешкі, сиырын жаятын жері жоқ.
"Біз әлемде сиыр етін өндіруші ең ірі он елдің қатарында болар едік. Бірақ ол үшін тұрақты мемлекеттік саясат болуы қажет. Ал қазір, өкінішке қарай, ондай саясат жоқ", – деп есептейді Мақсұт Бақтыбаев.
Елдегі мал шаруашылығындағы жағдайға берілген мұндай бағамен үкімет өкілдері келіспейді. Ауыл шаруашылығы министрлігі еттің қымбаттауын мал басының азаюымен емес, жем-шөп пен жанармай бағасының, сондай-ақ коммуналдық тарифтердің өсуімен байланыстырады. Шенеуніктердің түсіндіруінше, көрші елдерге тірі малдың, соның ішінде қой мен сиырдың көптеп экспортқа шығарылуы да нарыққа қосымша салмақ салған.
Сонымен қатар үкімет жалпы алғанда жағдай тұрақты деп отыр. Ресми дерекке сәйкес, 2025 жылдың алғашқы жартысында ет өндірісі (сойыс салмағымен) 1,5 пайыз өсіп, 529 мың тоннаға жеткен. Оның ішінде сиыр еті – 182,3 мың тонна, қой еті – 56,4 мың тонна, жылқы еті – 69,3 мың тонна болған. Үкімет мәліметінше, мұншама ет ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп, экспортқа жөнелтуге де жеткілікті.
Жуырда ет тақырыбы қоғамда қызу талқыланып жатқан кезде, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров елде еттің орташа бағасы тұрақты, әзірге осы деңгейде сақталады деп мәлімдеді. Оның сөзінше, бір келі еттің орташа бағасы 3249 теңге (6 доллардан сәл асады) болып тұр. Ал дүкендерде қазір бір кило ет шамамен 3,5 мың теңгеден (6,6 доллар), сүйексіз жылы-жұмсақ еттің келісі 5 мың теңгеден (9,5 доллар) сатылып жатыр деді министр.
Айдарбек Сапаров қазір тірі малды елден шығаруға тыйым салынғанын, үкімет ет экспортын реттеп отырғандықтан алдағы уақытта нарықта ет тапшылығы болмайды, баға күрт өспейді деп мәлімдеді.
Орталық Азия елдерінде ең төменгі жалақыға қанша ет сатып алуға болады?
Орталық Азия елдерінде ет бағасы мен ең төменгі жалақы мөлшері арасындағы айырмашылық айтарлықтай.
Қазақстанда ең төменгі жалақы – 85 мың теңге (шамамен 160 доллар). Бұл ақшаға Алматы базарларында шамамен 18,8 келі сиыр етін (сүйегімен бірге) сатып алуға болады (бір кило ет 8,5 доллар болған жағдайда).
Өзбекстанда ең төменгі жалақы – 1,27 миллион сум (шамамен 105 доллар). Ташкент базарларындағы бағамен есептегенде, бұл 8,6 килограмм сиыр етін (сүйегі бар) алуға жетеді.
Қырғызстанда ең төменгі еңбекақы – 2850 сом (32,5 доллар шамасында). Бұл қаржыға Бішкек базарларындағы қазіргі бағамен 4 келі сиыр еті келеді.
Тәжікстанда ең төменгі жалақы – 1000 сомони (шамамен 108 доллар). Душанбедегі нарық бағасымен есептегенде бұған 9 келіден сәл көп ет сатып алуға болады.
Түркіменстанда ең төменгі жалақы – 1280 манат. Бұл, ресми бағам бойынша, 365 долларға тең, алайда "қара базар" нарқымен есептегенде – 64 доллар шамасында. Бұл ақша Ашғабат базарларында 8,2 келі сиыр етін сатып алуға жетеді.
МЕМЛЕКЕТТІҢ БАҒА РЕТТЕУІ ЖАҒДАЙДЫ ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАРА АЛА МА?
Кейінгі айларда тек Қазақстанда емес, Орталық Азияның өзге елдерінде де ет қымбаттағаны байқалып отыр.
Көрші Қырғызстанда билік жағдайды тұрақтандыру мақсатында мемлекет ет бағасын реттеуге көшті. Әуелде тамыз айының ортасында, нарықта ет күрт қымбаттаған кезде, үш ай мерзімге енгізілген, кейін жыл аяғына дейін ұзартылды. Бішкекте сиыр етінің келісі 680 сомнан (шамамен 7,8 доллар) аспасын деген "шекті" баға белгіленді.
Алайда экономист Искендер Шаршеев бағаны жасанды түрде ұстап тұру – тиімді шара емес деген пікірде.
"Бағаны тежеп ұстау – жақсы әдіс емес. Егер мемлекет нарыққа араласпай, баға табиғи түрде қалыптасқанын қаласа, онда халықаралық стандарттарға сай кәсіпорындар ашу керек. Сонда еттің сапасы да өзгеріп, ішкі нарықта тапшылық туындамайды. Қазір, керісінше, тапшылық артып келеді. Біздің өнім халықаралық нарықта, бейресми түрде болса да, органикалық өнім деп саналады, сол себепті көрші елдер бізден сатып алуға ынтық", – деген еді Шаршеев баға реттеу тетігі енгізілген кезде.
Сарапшының болжамы бойынша, мемлекеттік реттеу мерзімі аяқталған соң, ет бағасы қайтадан өсуі мүмкін.
Шенеуніктер Қырғызстанда еттің қымбаттауына жем-шөп пен ветеринарлық препараттар бағасының өсуі және көрші елдерге тірі мал мен ет экспортының ұлғаюы әсер етті дейді
Үкімет бағаны реттеу шарасы тиімді болды деп мәлімдегенімен, ресми статистика бұл шара кезінде ет бағасының өсімін тоқтату мүмкін болмағанын көрсетеді: елде бөлшек саудада бір келі сиыр етінің орташа бағасы 714 сом болды. Ал қазір Бішкек базарларында сүйекті еттің килосы 720-730 сомнан сатылып жатыр.
Қырғызстан министрлер кабинеті ет бағасы өсуінің негізгі себептерінің бірі ретінде өнімнің өзіндік құны артқанын атады. Яғни жем-шөп пен ветеринарлық препараттардың қымбаттауы, сондай-ақ мал экспортының өсуі әсер еткен. Осыған байланысты ел билігі ірі және ұсақ малды шетелге шығаруға уақытша тыйым салды. Үкімет бұл шешім ішкі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру мақсатында қабылданды деп мәлімдеді.
Биыл тамыз айында Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) бірқатар шенеунікті, соның ішінде ауыл шаруашылығы вице-министрі мен ветеринарлық қызмет басшысын ұстаған. Олар малды Өзбекстанға заңсыз шығаруға мүмкіндік берген жемқорлық схемасын ұйымдастырған деген күдікке ілінді. Арнайы қызметтің дерегінше, бұл адамдар мал экспортына белгіленген квотаны айналып өтуге септескен, салдарынан шамамен 40 мың бас ірі қара және ұсақ мал елден заңсыз "шығарылып", бұл өз кезегінде Қырғызстанның ішкі нарығында ет бағасының өсуіне әсер еткен.
ЭКСПОРТҚА ТӘУЕЛДІ ӨЗБЕКСТАН МЕН ТӘЖІКСТАНДА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?
Орталық Азиядағы халқы ең көп әрі өте тығыз қоныстанған мемлекет – Өзбекстанда да ет қымбаттап жатыр. Бұған ең алдымен импорт бағасының өсуі әсер етті. Өйткені бұрыннан ет жеткізіп жүрген көрші елдер – Қырғызстан мен Қазақстан өз нарығын қамтамасыз ету үшін мал мен ет экспортын шектеген. Соның салдарынан кейінгі айларда Өзбекстанда ет бағасы күрт көтерілді.
Ташкентте сүйегінен сылынған сиыр етінің бір келісі 165 мың сумға (шамамен 14 доллар) жетсе, сүйекті еттің килосы 155 мың сум (12 доллар) тұрады. Ал өңірлерде еттің килограмы 120-130 мың сум (9-10 доллар) аралығында сатылып жатыр. Өзбекстанның статистика комитетінің ресми мәліметінше, қыркүйек айының қорытындысы бойынша, елде сиыр еті (сүйексіз) – 25,2 пайыз, ал сүйекті ет – 23,2 пайыз қымбаттаған.
Бағаның өсуіне сыртқы факторлармен қатар ішкі себептер де әсер етіп отыр. Өзбекстанда мал шаруашылығы саласы әлі де реформаланбаған. Фермерлер Қазақстандағыдай мәселелерге тап болған: мал басын көбейткісі келгенімен, жайылым жер тапшылығы кедергі келтіреді. Бұған қоса, елде шөлейт жер көлемі ұлғайып, өсімдіктер жойылып бара жатқаны және жем-шөп дайындаудың қиындығы да кесірін тигізді.
Өзбекстандағы еттің едәуір бөлігі жеке шаруашылықтарда өндіріледі. Алайда мал азығының күрт қымбаттауы, ондай азық дайындауға қажет өсімдік өсіруге арналған жер тапшылығынан мал ұстау барған сайын қымбат әрі тиімсіз жұмысқа айналып барады.
Өзбекстандағы азық-түлік базарларының бірі
Шеттен келетін өнімге тәуелді Тәжікстанда биыл ет бағасы күрт өсті. Өйткені жергілікті өндіріс ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете алмайды. Аймақтағы ең кедей мемлекеттердің бірі саналатын Тәжікстанның экономикасы шетелде жұмыс істеп жүрген еңбек мигранттары үйіне аударатын ақшаға сүйенеді. Бұл елдегі қарапайым тұрғындар үшін ет жұрттың көбінің қолы жете бермейтін нағыз деликатеске айналып барады.
Елдегі ең төменгі жалақы – айына шамамен 100 доллар. Ал сүйегі аралас сиыр етінің келісі қазір 105 сомоны (11,4 доллар) шамасында сатылып жатыр. Бұл – жыл басындағы бағадан едәуір жоғары: ол кезде еттің келісі 90 сомониден (8 доллар) аспаған еді. Ал сүбесі мен жамбас бөліктері одан да қымбат: бір килосы 13-тен 17 долларға дейін бағаланады.
Баға шарықтаған шақта үкімет Ауғанстаннан тірі мал әкелуге рұқсат берді. Елдің оңтүстігіндегі Куляб ауданында арнаулы санитарлық бақылау бекеттері салынып, олар шекарадағы өткізу пункті жанына орналастырылды. Бұл бекеттерде малды елге кіргізер алдында ветеринарлық тексеруден өткізіп, 20 күн карантинда ұстайды.
Куляб аудандық Азық-түлік қауіпсіздігі орталығының басшысы Фаттох Саидов Азаттықтың Тәжік қызметіне (Радио Озоди) берген сұхбатында, Ауғанстаннан ет пен сүт өнімдерін тікелей әкелуге салынған тыйым күшінде екенін айтты. Өйткені ауған тарапы ветеринарлық қауіпсіздік талаптары сақталатындығына кепілдік бере алмай отыр.
Шекара маңында тұратын халық тірі мал саудасының жандануы нарықтағы ет бағасын тұрақтандырады деп үміттенеді.
Ет – Орталық Азия халықтарының ұлттық тағамдарының басты құрамдас бөлігі. Суретте: Тәжікстанның Хожант қаласындағы Панчшанбе базары. 15 маусым, 2024 жыл.
Әлемдегі ең ірі мал шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің бірі саналатын Моңғолия биыл жазда Тәжікстанға ет жеткізуді арттыруға дайын екенін мәлімдегенімен, әзірге импорт көлемінің ұлғайғаны туралы ресми хабар жоқ.
ТҮРКІМЕНСТАНДА ЖҰРТ ЕТ КЕЗЕГІНЕ ТАҢҒЫ 5-ТЕН ТҰРАДЫ
Ал аймақтағы ең жабық ел – Түркіменстанда тұрғындар ет бағасының өсуімен қоса оның тапшылығын сезініп отыр. Азаттықтың Түркімен қызметінің дереккөздерінің хабарлауынша, қарашаның басында Ашғабаттағы жеке сауда орындарында еттің килограмы 155 манаттан (ресми бағам бойынша – 44,2 доллар, "қара базар" нарқымен – 7,7 доллар) сатылған.
Базармен салыстырғанда баға төмен мемлекеттік дүкендерде мұздатылған ет алуға жұрт таңғы сағат 5-тен бастап кезекке тұрады. Бұл дүкендерде ет аптасына екі рет сатылады және сатып алушылардың бәріне бірдей жете бермейді. Еттің келісі 40 манат (шамамен 11 доллар) тұрады, әр сатып алушыға екі жарым килограмнан артық ет берілмейді. Жұрт ет сапасы нашар деп шағымданады, бірақ базардағы қымбат етті сатып алуға мүмкіндігі болмағандықтан, еріксіз дүкеннен сатып алуға мәжбүр екенін айтады. Елдегі ең төменгі жалақы мөлшері – 1280 манат.
Түркіменстан билігі елде азық-түлік өте қат екенін мойындамаса да, кейінгі кезде әлеуметтік желілерде бос тұрған дүкен сөрелері, сапасы нашар өнімдер мен кейде ненікі екені белгісіз сүйектер сатылып жатқаны туралы видеолар жиі жарияланып жүр.
Түркіменстандағы мал өсірумен айналысатын адамдар кірісінен шығысы көбейгенін, жем-шөп қымбаттағанын және ара-тұра тарайтын жұқпалы мал аурулары кесірінен қолдағы малы қырылатынын айтып шағымданады.
ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒУДЫҢ ЖОЛЫ БАР МА?
Сарапшылар бағаны мемлекеттік реттеу немесе Ауғанстан мен Моңғолиядан мал әкелуге рұқсат беру сияқты "төтенше" шаралар уақытша ғана нәтиже беріп, мәселені түпкілікті шеше алмайды деп ескертеді. Олардың пікірінше, Орталық Азия елдеріне мал шаруашылығын дамытудың жүйелі ойластырылған стратегиясын және бірлескен іс-қимылдар дайындау үшін белсенді диалог қажет.
"Қазақстанның ет одағы" бірлестігі басшысы Мақсұт Бақтыбаев бағаны тұрақтандырудың ең тиімді жолы – ет өндірісін ұлғайту деп санайды. Бірақ ол үшін фермерлерге түсінікті және тұрақты ойын ережелері болуы шарт екенін айтады.
"Фермерге мал шаруашылығымен айналысу тиімді болуға тиіс. Жер беріңіз, арзан несие ұсыныңыз, нақты ережелерді айқындаңыз. Бүгін экспортты жауып тастап, ертең ашу – сенімді жояды. Мал шаруашылығында бүкіл жұмыс 10-15 жылға жоспарланады", – деді Бақтыбаев.
Хожант қаласындағы Панчшанбе базарында палау басып жатқан азпаздар. Тәжікстан, 15 маусым, 2024 жыл.
Экономика саласы сарапшыларының пікірінше, Өзбекстанға импортты әртараптандыру, мал шаруашылығын субсидиямен қамтамасыз ету, мал азығы өндірісін арттыру және олардың бағасын төмендету, ашық нарықты ынталандыру және фермерлік шаруашылықтарды қолдау қажет.
Ташкент осы бағытта алғашқы қадамдар жасады: 31 қазанда президент Шавкат Мирзияев мал шаруашылығын қолдау шараларын бекітті. Оған қоса, бұл қаулы ет пен басқа мал шаруашылығы өнімдерін импорттауды жеңілдетуді көздейді. 2026 жылдан бастап ветеринарлық рұқсаттар мен сертификаттарды қарау мерзімі екі есеге қысқаратын болады.
Бұрын Қазақстан президенттігіне кандидат болған, аграрлық сала сарапшысы Төлеутай Рақымбеков TENGE TALKS YouTube-арнасына берген кейінгі сұхбатында бағаның өсуін шешудің бір жолы – фермерлер күшін біріктіру деп санайды. Оның пікірінше, еттің бұдан ары қымбаттауына жол бермеу үшін ұсақ фермерлерді кооперативтерге біріктіру қажет, осылайша олар техника сатып алып, жем-шөп өндірісін жүргізе алады.
Рақымбеков атап өткендей, елдегі ірі қара малдың 80-90 пайызы шағын шаруашылықтарға тиесілі, яғни әрқайсында 100-200 бас мал бар. Алайда ұсақ фермерлердің өз техникасы жоқ және жем-шөпті өздігінен дайындай алмайды. Сол себепті олар оны үлкен шаруашылықтардан айтарлықтай үстеме баға қосып сатып алады.
Бұл кезде астаналық кабинеттерде амбицияға толы бағдарламалар әзірленіп жатыр. Былтыр Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі "Күшті АШК" жобасын жасап, негізгі мақсаты – 2028 жылға қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру деп мәлімдеген. Алайда биыл күзде министрлік 2025 жылдың сегіз айында аграрлық өнім өндірісі небары 3,4 пайыз өскенін хабарлады.