"Прагматикалық қадам". Қазақстан не үшін Ибраһим келісіміне қосылады?

АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Токаевты Ақ үйде қарсы алып тұр. Вашингтон, 6 қараша 2025 жыл.

Қазақстан Дональд Трамптың бірінші президенттік мерзімінің маңызды жетістігі болып саналатын Ибраһим (Авраам) келісіміне қосылатынын жариялады. Осылайша Астана Ақ үйдің сыртқы саяси бастамаларын нығайту жөніндегі жаңа талпыныстарының қақ ортасынан табылды.

Қазақстан Израиль мен мұсылман елдері арасындағы қарым-қатынасты АҚШ-тың көмегімен қалыпқа келтіруді көздейтін Ибраһим келісіміне қосылмақшы. Астананың шешімін бірқатар сарапшылар "Вашингтонның көңілінен шығуға бағытталған стратегиялық қадам" ретінде бағалайды.

6 қарашада жарияланған шешімнің көп жағдайда символдық сипаты бар: Қазақстан Израильді бұрын мойындаған және 1991 жылы Совет Одағы ыдырап, тәуелсіздік алғаннан бері онымен дипломатиялық қарым-қатынасты сақтап келеді.

Дегенмен президент Дональд Трамптың бірінші мерзіміндегі маңызды жетістік саналатын - Ибраһим келісіміне қосылу Қазақстанды Ақ үйдің сыртқы саяси бастамасын жандандыру бойынша жаңа талпыныстарының ортасынан табылуына жол ашады. Ибраһим келісімі Израиль мен мұсылман әлемі арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған. 2020 жылы Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн және Марокко Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру мақсатында келісімге қол қойған.

Трамп әкімшілігі бұл бастаманың ауқымын кеңейтуге күш салып жатыр және Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның 18 қарашада Вашингтонға сапарының өзегі осы болмақ.

Орталық Азиядағы ең ірі және ең бай ел Қазақстан аймақта осы келісімге қосылған алғашқы мемлекет атанады. Бұл дипломатиялық келісімнің ауқымын Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадан бастап Орталық Азияға дейін кеңейте түседі.

«Біздің алдағы уақытта Ибраһим келісіміне қосылуымыз Қазақстанның диалогқа, өзара құрметке және аймақтық тұрақтылыққа негізделген сыртқы саясатының табиғи және логикалық жалғасы», - деп жазылған Қазақстан үкіметінің хабарламасында.

Мұнайға бай Қазақстан үшін – Мәскеудің көптен бергі одақтасы және Пекинмен ынтымақтастықты дамытып келе жатқан ел үшін Ибраһим келісіміне қосылу АҚШ-пен серіктестік орнату мүмкіндігі ретінде қарастырылып отыр.

«Ресей мен Қытай арасында орналасқан Қазақстан барынша көп серіктес іздейді, әсіресе, АҚШ және Еуропамен тығыз қарым-қатынас орнатуға тырысып жатыр» деп жазады Вашингтонда орналасқан Atlantic Council сараптама орталығы директорының орынбасары Эндрю Д’Аниери.

«Ибраһим келісіміне қосылу - Вашингтонның назарын аудару және АҚШ үкіметтік мекемелері мен жеке секторының Қазақстанға қатысты экономикалық қызығушылығын арттыруға бағытталған ақылға қонымды прагматикалық қадам» деді сарапшы.

Сарапшылардың пікірінше, Трамп Ақ үйде Орталық Азияның президенттерін қабылдаған кезде Қазақстанның келісімге қосылатынын жариялауы кездейсоқтық емес. Бір күндік саммит барысында Трамп Мәскеу ұзақ уақыт бойы үстемдік етіп, Қытаймен ынтымақтастықты арттырып келе жатқан аймақпен АҚШ-тың байланысын нығайтуға бағытталған сауда, дипломатиялық және минералды ресурс туралы келісімдер жасасқанын хабарлады.

Саммит алдында Қазақстан әлемдегі ең ірі игерілмеген вольфрам кеніштерінің бірін игеру мақсатында АҚШ-пен жаңа серіктестік аясында шикізатты игеру туралы келісімге қол қойғанын жариялады.

Вашингтондағы Йорктаун институтының Тұран зерттеу орталығының директоры Джозеф Эпштейн Азат Еуропа/Азаттық радиосына берген сұхбатында Қазақстанның шешімі символдық сипаты ғана бар болып көрінуі мүмкін, алайда болашақта дипломатиялық салмаққа ие болуы мүмкін екенін айтты.

"Астананың Ибраһим келісіміне қосылу туралы шешімі жаңа кезеңнің басталғандығынан хабар береді. Бұл келісім осылайша Таяу Шығыстағы бейбітшілік бастамадан төзімділік пен гүлденуді қолдайтын америкашыл мұсылман елдерінің коалициясына айналмақ" деді Эпштейн.

Орталық Азия мен Кавказдағы өзге елдер де, атап айтқанда Өзбекстан мен Иранмен шектесетін Әзербайжан да Ибраһим келісіне қосылуға ынта білдірді.

«Каспий теңізінде орналасқан және газ бен уран кен орындарына бай Астана мен Баку сияқты негізгі ойыншыларды тарту АҚШ пен Израильге бұл аймақтарды өздерінің ықпал ету аймағы санайтын Ресей мен Ираннан асып түсіп, стратегиялық артықшылық береді», - деп жазады Таяу Шығыс зерттеушісі Сара Заайми Atlantic Council-дегі материалында.