Путин мен Тоқаев Кремльде кездесті. Мемлекеттік сапармен барған Қазақстан басшысын вице-премьер қарсы алды

Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге мемлекеттік сапары. 11 қараша 2025 жыл. Әуежайда оны бірінші вице-премьер Денис Мантуров қарсы алды.

11 қарашада Кремльде Қазақстан және Ресей басшылары бейресми кездесу өткізді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге 11 қарашада екі күндік мемлекеттік сапармен барған.

Ақорданың хабарлауынша, Ресей басшысы "бүгін бейресми жағдайда кездесіп, барлық өзекті мәселе бойынша әңгімелесеміз. Ал ертең әріптестермен бірге екіжақты қарым-қатынастың күн тәртібін қарастырамыз және перспективті бағыттарға назар аударамыз" деген.

Ресей президенті Владимир Путин және Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кремльде. Мәскеу, 11 қараша 2025 жыл.

Путинмен кездесу алдында Тоқаев "ерекше сый-құрмет көрсеткені үшін" алғыс білдірді.

Внуково-2 әуежайында Тоқаевты Путин емес, бірінші вице-премьер Денис Мантуров қарсы алды.

Былтыр қарашада Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары кезінде оны ұшақтың алдында Тоқаевтың өзі қарсы алған еді.Әуежайда Ресей туының түсі – ақ, көк және қызық түске "боялған" алты әскери ұшақ болды. Астана көшелеріне "Жоғары мәртебелі Владимир Путин мырза, Астанаға қош келдіңіз!" деген жазуы бар үлкен баннерлер орнатылды. Сол кезде Путин өзін салтанатты түрде қарсы алғаны үшін алғыс айтып, оның "ерекше болғанын" атап өткен еді.

Тоқаевтың Мәскеуге сапарының негізгі бөлігі 12 қарашада өтеді. Тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынасты жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне көшіру туралы Декларацияға қол қоймақ. Тоқаев сапар алдында «Российская газета» жарияланған мақаласында «құжат екіжақты қарым-қатынаста жаңа дәуірге жол ашады, өзара сенімнің бұрын-соңды болмаған деңгейін және барлық салада тығыз жұмыс істеуге бағытталған дайындықты растайды» деп жазды.

Ол Мәскеуге өткен аптадағы АҚШ-қа сапарынан кейін аттанған. 6 қарашада Вашингтонда "Орталық Азия – АҚШ" саммиті өтті. Оған Орталық Азияның бес мемлекетінің басшылары мен АҚШ президенті Дональд Трамп қатысты. Қазақстан мен Өзбекстан АҚШ-пен шикізат өндіру, әсіресе сирек элементтер, логистика және IT технологиялары салаларында келісімдерге қол қойды.

Сарапшылар Вашингтондағы саммитті Орталық Азия мемлекеттеріне сыртқы саясатта тепе-теңдікті сақтауға, Батыспен ынтымақтастықты тереңдетуге және аймақтың экономикалық және саяси өмірінде ықпалы көп екі ірі көрші Ресей мен Қытайдың мүдделерін ескере отырып жұмыс істеуді жалғастыруға мүмкіндік ретінде қарастырған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Вольфрам кеніші, Boeing ұшағы һәм Ибраһим келісімі. Ақ үйдегі саммит Астана үшін қалай аяқталды?