Құқық қорғаушылар Қазақстан парламентін "ЛГБТ насихатына" тыйым салатын заң жобасын қабылдамауға шақырды

Жеті халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан парламентін "ЛБГТ насихатына" тыйым салуды қарастыратын түзетулерден бас тартуға шақырды.

Мұндай мәлімдемені Access Now, Civil Rights Defenders, Eurasian Coalition on Health, Rights, Gender and Sexual Diversity, Helsinki Foundation for Human Rights, Human Rights Watch, International Partnership for Human Rights және Norwegian Helsinki Committee жасады.

Құқық қорғаушылардың пікірінше, ұсынылған түзетулер адам құқығын бұзып, елдегі ЛГБТИК+ өкілдеріне қатер төндіруі мүмкін.

Түзетулер қабылданған жағдайда Қазақстан адам құқығы саласында халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерді бұзады, арасында балалардың білім алу, денсаулығы мен ақпарат алу құқығы бар дейді мәлімдеме авторлары.

Түзетулерді 15 депутат 28 қазанда ұсынған. Ертесінде мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен талқылау өткен.

Кездесуге қатысқан белсенділердің айтуынша, депутаттар тобы ЛГБТИК+ өклідеріне қарсы пунктердің жай-жапсарын таныстырған. Егер түзетулер қабылданса, олар бала құқығы, БАҚ, онлайн-платформа, жарнама, байланыс, мәдениет және білім туралы заңнаманы өзгертпек. Құжат сонымен бірге билікке сайттар мен цифрлық контентті сот шешімінсіз бұғаттауға д мүмкіндік береді.

Заң жобасына сәйкес, «ЛГБТ-ны насихаттау» әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-бабының 2-бөлігі бойынша 10 тәулікке дейін қамауға алу және айыппұлмен жазаланады. Құқық қорғаушылар атап өткендей, түзетулер 2013 жылы Ресейде қабылданған «ЛГБТ насихатына тыйым салу» туралы заңға ұқсас.

Дегенмен бұл түзетулердің мұрағат істері тақырыбына қатысы айқын емес. Шақырылған азаматтық қоғам өкілдері кездесу кезінде өз ұсыныстары немесе пікірлерін жеткізе алмаған деп айтылады.

Мәжіліс депутаты, "Аманат" партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев пен модератор жобаның мәтіні қабылданғаннан кейін жарияланатынын айтты. Белсенділердің сөзінше, түзетулерді мәдениет және ақпарат, ішкі істер, денсаулық сақтау, білім министрліктері, сонымен бірге министрлер кабинеті қолдаған.

Жобада «үгіт-насихат» деген ұғымға «дәстүрлі емес жыныстық бағдар және оны ұстану туралы ақпаратты жария түрде немесе БАҚ, телекоммуникация желілері немесе онлайн платформалар арқылы жариялау» деп анықтама берілген. Осылайша ЛГБТИК+ туралы материал жариялағандар немесе оларды қолдағандар әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін.

Адам құқығын қорғау ұйымдары мұндай қадам қыркүйек айында Қазақстанды «ЛГБТ өкілдеріне қатысты кемсітушілік пен алалаушылықты жоюға» және олардың теңдігіне құқықтық кепілдікті күшейтуге шақырған БҰҰ Адам құқықтары комитетінің ұсынымдарына қайшы келетінін атап өтті.

2023 жылы БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитеті адамдарға жынысына немесе гендерлік ерекшелігіне орай күш көрсету оқиғаларына алаңдаушылық білдіріп, билік органдарын мұндай құқық бұзушылықтармен күресуге шақырған еді.

Халықаралық міндеттемелерге қарамастан, Қазақстан заңнамасында азаматтарды жынысы немесе гендерлік ерекшелігіне орай кемсітуден қорғайтын ережелер әлі де жоқ. ЛГБТИҚ+ құқықтарын қорғайтын ұйымдар ресми түрде тіркеле алмайды.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, ЛГБТИК+ өкілдеріне әлі күнге дейін құқық қорғау органдары, жеке азаматтар тарапынан қоқан-лоқы, бопсалау, күш көрсету жайтары тыйылмаған. Көптеген оқиғалар жазаланбайды, бұл полицияға сенімсіздікті арттырады.

Құқық қорғау ұйымдары Қазақстанның халықаралық әріптестерін де ресми Астанадан дискриминациялық түзетулерді заң жобасына енгізбеуді талап етуге шақырған.