Тоқаев Ресейге қарсы санкцияларды "жынойнаққа" балады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге қарсы санкцияларды «жынойнаққа» (вакханалия) балап, оның екі ел әріптестігінің тұрақтылығына әсер етпегенін атап өтті. Ол мұны Мәскеуге мемлекеттік сапары аясында жазылған мақаласында мәлімдеді. Мақала "Российская газета" басылымында жарық көрді.

"Маңыздысы сол, санкциялық жынойнақ пен халықаралық шиеленіске қарамастан, екі ел ынтымақтастықтың тұрақтылығы мен қарқыны сақтап, қорғап қала алды" деді Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің әріптестігіне арналған мақаласында.

Оның сөзінше, Ресей Қазақстанның ең ірі үш сауда әріптесінің қатарына кірсе, Қазақстан Ресейдің сыртқы саудасындағы бестікке кіреді. Екіжақты сауда айналымы 30 млрд долларға жуықтаған.

Қазақстан статистика агенттігінің дерегінше, биыл қаңтар-тамыз аралығында Ресей Қазақстан экспортында үшінші орын, импортында бірінші орын алған.

Ресей 2022 жылғы ақпанда Украинаға басып кіргелі АҚШ пен Еуроодақ Мәскеуді санкциялық қыспаққа алды. Батыс елдері Кремльге санкцияны айналып өтуге көмектесті деген елдерге қосалқы санкция салатынын ескерткен. Қазақстан бұл санкцияларды ұстанатынын, бірақ Ресеймен экономикалық байланысы терең болғандықтан, екіжақты сауданы тоқтата алмайтынын айтып келеді. Түрлі журналистік зерттеулер Ресей қорғаныс мекемелері санкцияланған технологияларды Қазақстандағы заңды тұлғалар арқылы алдыртқанын әшкерелеген. Астана бұған қарсы шара қабылдайтынын айтқан. Әзірге Батыс елдері Қазақстанға қарсы ауқымда санкция қолданбады. Тек кейбір заңды тұлғалар мен банктерге шара қолданды.

Жақында АҚШ Ресейдің ірі мұнай компаниялары "Роснефть" пен "Лукойлды" санкция тізіміне қосты. Артынша, "Лукойл" шетелдегі активтерін сататынын мәлімдеді. Оның ішінде Қазақстандағы активтері де бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Лукойл" шетелдегі активтерінен арылмақ: Қазақстанға сатып алған тиімді ме?

САПАРДЫҢ МАҚСАТЫ ЖӘНЕ ШЕКАРА ТУРАЛЫ СӨЗ

Тоқаев өз мақаласында Мәскеуге сапары аясында Қазақстан мен Ресейдің жан-жақты стратегиялық әріптестігі пен одақтастығының жаңа деңгейіне өту жайлы декларацияға қол қоятынын хабарлады.

"Бұл құжат сөзсіз екіжақты байланыстың жаңа дәуірін бастап, өзара сенімнің бұрын-соңды болмаған деңгейін және барлық бағыт бойынша тығызырақ жұмысқа дайындығын қуаттайды" деді ол.

Қазақстан басшысы сондай-ақ екіжақты шекара жөніндегі келісімнің маңызын атап өткен.

"Біз 2005 жылғы 18 қаңтарда қол қойылған Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекара туралы шарттың 20 жылдығына зор мән береміз. Бұл құжат екі елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын өзара мойындаудың мызғымас құқықтық негізі болып табылады. Әлемдегі ең ұзын, тұтас құрлықтық шекараны толық негізде достық белдеуі деп атауға болады" деді ол.

Кейінгі жылдары Қазақстанға сапарлаған алпауыт елдердің басшылары кезек-кезек Қазақстанның территориялық тұтастығын, егемендігін қолдайтынын айтып жүр. Мұндай мәлімдемені Қытай басшысы Си Цзиньпин де, Еуроодақ пен АҚШ басшылары да айтқан.

Жақында америкалық Washington Post газеті Ресей Қазақстан мен Армениядағы ықпалынан айырылып бара жатырмыз деп осы елдерде бүлік ұйымдастыруы мүмкін деген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанда Ресей агенттері қалай жұмыс істейді? Құпия құжаттарға шолу

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОРЫС ТІЛІНІҢ МӘРТЕБЕСІ

Тоқаев сондай-ақ мақалада елдегі орыс тілінің мәртебесін де сөз етті. Оның айтуынша, орыс тілі – Қазақстандағы әлеуметтік-саяси, ғылыми-ағартушылық және рухани өмірдің ажырамас бөлігі.

"Біз орыс тілін қолдауды халықтар арасындағы диалог пен сенімді нығайтатын кең ауқымды гуманитарлық өзара іс-қимылдың бір бөлігі ретінде қарастырамыз. Дәл сол себепті мен Халықаралық орыс тілі ұйымын құру туралы бастама көтердім" деді ол.

Ресми дереккөздерде Қазақстан халқының 90 пайызы орыс тілін меңгергені айтылады. Бірақ кейінгі жылдары Ресейдегі танымал тұлғалар мен саясаткерлер Қазақстанда орыс тілінің дамуына жағдай жасалмай отыр деп жиі шағынады. Ал ел ішінде керісінше билік қазақ тіліне басымдық бермей отыр, орыс тілінің ықпалы тым жоғары деп арыз айтатындар аз емес.

"Қазақстан жастары көптеген тілді – қазақ, орыс, сонымен қатар ағылшын, қытай және өзге тілдерді білуге тиіс. Бұл – жаһандық әлемде табысқа жетудің маңызды шарты" деді Қазақстан президенті өз мақаласында.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаевтың тіл туралы мәлімдемесі дау тудырды