12 қарашада Мәскеуде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей басшысы Владимир Путин мемлекетаралық қарым-қатынасты жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойды. Келісімге қол қою рәсімі Кремльде өтті.
Тоқаев құжатты Мәскеуге сапарының басты мақсаттарының бірі деп атады, ал сапардың өзі ол үшін "биылғы жылдың негізгі оқиғасы" болған.
Құжат "екіжақты қарым-қатынаста жаңа дәуірге жол ашады, өзара сенімнің бұрын-соңды болмаған деңгейін және барлық салаларда тығыз жұмыс істеуге дайындықты растайды" деп мәлімдеді ол.
Путин Астана мен Мәскеу "бір-біріне жақын әріптес, дос әрі сенімді одақтас" деді.
Тоқаев Вашингтонға сапарынан кейін бір аптадан соң Ресей астанасына келді. Вашингтонда ол Орталық Азия елдерінің өзге президенттерімен бірге АҚШ басшысы Дональд Трамппен кездесті. АҚШ Ресей мен Қытайдың ықпалы көп аймақтың минералды ресурстарына қызығушылық танытып отыр және аймақпен ынтымақтастықты тереңдетуге ниет білдірген. Сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия мемлекеттері үшін Вашингтондағы кездесу олардың сыртқы байланысын әртараптандыруға және ірі державалармен қарым-қатынасында тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
Мәскеуге экономикалық және геосаяси тұрғыда тәуелді Астана онымен қарым-қатынасты сақтауға талпынып келеді. Қазақстан Еуразия экономика одағы (оған Ресей мен Қазақстаннан бөлек, Армения, Беларусь, Қырғызстан мүше), Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше.
Ресей Украинаға басып кірген кезде Қазақстан көрші елдің басқыншылығын айыптамады. Бірақ соғысты ашық қолдаған да жоқ. Астана Ресей басып алған украин жерін Ресей жері деп мойындаған жоқ.
Тоқаев Мәскеуге келген алғашқы күні Путинмен бейресми жағдайда кездесті. Тоқаевтың сапарының ресми бөлігі 12 қарашада өтті. Путинмен келіссөз барысында "саясат, сауда-экономика, инвестиция мен гуманитарлық ықпалдастық бағытындағы кең ауқымды мәселелер" талқыланған.
Тоқаев Путинді келесі жылы Қазақстанға келуге шақырды, ал Путин шақыруды қабылдады.
Кремльде қол қойылған жаңа декларацияға дейін екі ел арасында 2020 жылы жаңартылған тату көршілік және одақтастық туралы шарт күшінде болған. 1998 жылы тараптар "ХХІ ғасырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық туралы Декларацияға" қол қойған. 1992 жылы тараптар "Мәңгі достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа" қол қойған.